Рим Папасы Газа секторындағы шабуылды тоқтатуға шақырды
08:59, 05 Қаңтар 2009
ВАТИКАН. Қаңтардың 5-і. ҚазАқпарат – Рим Папасы XVI Бенедикт дәстүрлі жексенбілік уағызында Газа секторында израильдіктер мен палестиналықтардың қақтығыстарына ұшыратып отырған «соғыс пен жеккөрушілікті» тоқтататын «шұғыл әрекеттер» жасауға шақырды.
«Газа секторынан келіп түсіп жатқан жантүршігерлік ақпарлар, диалогтан бас тартудың салдарынан екі ел халқының да қатты зардап шеккендігін, қарапайым халықтың жеккөрушілік пен соғыстың құрбандарына айналып отырғанын көрсетуде», деді Рим Папасы өз сөзінде. Понтифик сондай-ақ «соғыс - проблеманы шешудің жолы емес» екенін атап көрсетіп, осыған байланысты тараптарды қанды қырғынды тоқтату үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға үндеді,- деп хабарлайды ҚазАқпарат «РИА «Новости» агенттігіне сілтеме жасап.