Робот техникаларын жасаудан оралдық оқушылар озық шықты

АСТАНА. 29 қазан. ҚазАқпарат - Ресейдің Мурманск қаласында үздік робот техникаларын жасаудан халықаралық сайыс өтті.

Сайыста оралдық оқушылар өзгелерден оқ бойы озық шықты. Бұл сайысқа әлемнің 45 елінен шәкірттер қатысқан. Бұл туралы 24 kz хабарлады.

Жетінші сыныпта оқитын қос жеткіншек Дарья мен Динараның жетістігі айтуға тұрарлық. Өздеріне жеңіс әкелген техниканың сұлбасын әуелі кәдімгі пластмассадан дайындаған. Кейін оған сай келетін алгоритм түзіп, арнайы бағдарлама жасайды. Мотордың көмегімен қозғалатын машина алдындағы кедергілерді сенсорлар арқылы танып-біледі. Соған сай әрекет жасайды. Бұған шәкірттер бар-жоғы бірнеше күнін арнаған көрінеді. Нәтижесінде Жайық топырағында құрастырылған құлтемір бәрінен басымдығын дәлелдеп, жеңіске жетті.

Өнертапқыш өрендердің мақсаты - ғылым саласын болашақ өмірінің өзегіне айналдыру. Ал қазіргі қол жеткен табыстары соған барар жолдағы баспалдақ іспетті. Өйткені, шәкірттер құрастырған жаңашыл дүниелер болашақта іргелі өндіріс ошақтарында қолданылуы әбден мүмкін.