Ролан Гаррос: Путинцева мен Данилина жұптық кездесулерін сәтті өткізді

Фото: Фото: ҚТФ

АСТАНА. KAZINFORM – Парижде теннистен өтіп жатқан Ролан Гаррос турнирінде Юлия Путинцева бір күнде екі матч өткізді.

Қазақстандық теннисші алдымен жекелей сында тайбэйлік Джоанна Гарлендті жолдан тайдырған еді.

Содан кейін Ю.Путинцева жұптық сында канадалық Лейла Фернандеспен бірге румыниялық Моника Никулеску – Польша өкілі Катажина Питерді 6:0, 6:2 есебімен ойсырата ұтты.

Ю.Путинцева – Л.Фернандес 1/8 финалға шығу үшін жарыстың 12-ракеткалары, словакиялық Тереза Михаликова – ұлыбританиялық Оливия Николлспен таласады.

Сондай-ақ Анна Данилина миксте финляндиялық Харри Хелиоваарамен бірге алғашқы айналымда аустралиялық Сторм Сандерс – бельгиялық Сандер Жиллені 6:3, 6:4 есебімен тізе бүктірді.

Қазақстандық-финляндиялық жұп ширек финалға шығу үшін ұлыбританиялықтар Оливия Николлс – Генри Паттенмен таласады.

А.Данилина – Х.Хелиоваара 2023 жылы миксте АҚШ чемпионы атанған болатын.

Бейсенбі күні Ролан Гаррос жарысында қазақстандықтардан әлемнің 103-ракеткасы Александр Шевченко ғана жеңіліс тапты. Ол рейтингіде 106-орындағы америкалық Итан Куинмен 4 сағат 18 минутқа созылған матчта есе жіберді – 4:6, 6:4, 7:6 (7:5), 6:7 (3:7), 5:7. Шевченко 11 эйспен бірге 16 брейк-пойнттың тек төртеуін пайдаланды. Куинн 14 эйс, 5 брейкпен (13 брейк-пойнт) көзге түсті.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ролан Гаррос турнирінде Рыбакинаның үшінші айналымда 2017 жылғы чемпионмен ойнайтынын жазған болатынбыз.

Ролан Гарроста Александр Бублик сенсация жасап, алғаш рет үшінші айналымға өтті.

Сондай-ақ Юлия Путинцева екінші жеңісіне қол жеткізді.