Роман Скляр «Шеврон» корпорациясы Еуразия бөлімшесінің басқарушы директорымен кездесті

Фото: primeminister.kz

АСТАНА. KAZINFORM – ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр «Шеврон» корпорациясы Еуразия бөлімшесінің басқарушы директоры Дерек Магнесс мырзамен кездесу өткізді. Оған ҚР Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов және «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Асхат Хасенов қатысты.

Үкіметтің баспасөз қызметі хабарлағандай, кездесу барысында тараптар мұнай-газ саласындағы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі жағдайы мен келешегін талқылады.

Келіссөз кезінде Қазақстан-Америка энергетикалық серіктестігінің флагманы саналатын Теңіз жобасына ерекше назар аударылды.

Өз кезегінде Дерек Магнесс Қазақстандағы инвестициялық ахуалдың арқасында Теңіз жобасы бойынша маңызды өндірістік көрсеткіштерге қол жеткізілгенін атап өтті. «Шеврон» өкілі реттеуші ортаның болжамдылығын және мемлекеттік органдармен конструктивті іс-қимылды ерекше атап өтіп, бұл ұзақмерзімді инвестициялар үшін қолайлы жағдай жасайтынын жеткізді.

Сонымен қатар Роман Скляр Теңіз кенішінде орын алған және өндірістің уақытша тоқтап қалуына әкеп соқтырған оқиғаларға байланысты алаңдаушылық білдірді.

«Шеврон» компаниясының басшылығы оқиғалардың салдарын жою және мұнай өндіруді кезең-кезеңімен арттыру бойынша қабылданған шаралар туралы хабардар етті. Сондай-ақ компания басшылығы болашақта мұндай жағдайларға жол бермеу және нысандардың сенімді әрі қауіпсіз жұмысын қамтамасыз ету бойынша нақты іс-қимылдар жасалатынына сенім білдірді.

Бұдан бөлек, геологиялық барлау жұмыстарын дамыту мәселелері талқыланды. «Шеврон» компаниясы бірқатар геологиялық барлау жобасына қызығушылық танытатынын мәлімдеді.

Кездесу соңында тараптар ұзақмерзімді және өзара тиімді ынтымақтастықты одан ары дамытуға бейілділіктерін, сондай-ақ өзара іс-қимылдың барлық бағыты бойынша сындарлы диалогке дайын екендіктерін жеткізді.

Еске салсақ, Энергетика министрі Ерлан Ақкенженов еліміздің мұнай кен орындарынан алынатын өнімді бөлу туралы келісімшарттарды қайта қарау мәселесі қандай кезеңде тұрғанын айтты.