Александр Кургузкиннің айтуынша, ескерткіш 1972 жылы Рудныйдың 15 жылдығына орай орнатылған. Оның авторы - мүсінші В. П. Зинайкин, ал сәулетшісі - В. Гнездилов.
Композиция қала қонақтарының бірінші көргені осы болсын деп автовокзал маңына салған екен. Кеншінің сол кездегі сәлемдесу ишарасы әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтпады.
- Қолын алға созып тұрған кенші тұлғасы - қалаға келгендерге құрмет көрсету мен шақыруды білдіреді. Алайда алғашқыда мүсіншінің қолы бос болған соң, қала тұрғындары ескерткішке түрлі атаулар таққан. Кейіннен бұл мүсіннің мәнін айқындау кеншінің алақанына Рудныйдың басты символы - темір кенінің бір бөлігі салынды. Осылайша мүсін қаланың қонақжайлылығы мен тарихының ажырамас нышанына айналды, - дейді әдіскер.
Ескерткіш әу баста жас өндірістік қаланың символы ретінде жоспарланған. Оның жалпы биіктігі шамамен 12 метрді құрайды. Тұғыры 5 метрге жуық, ал созылған қолымен қоса есептегенде мүсіннің өзі де сондай биіктікке ие.
Ең қызығы мүсін тұтас тастан немесе қоладан құйылмаған. Ол қаңқалы конструкция бойынша жасалып, ауа райының қолайсыздығына төзімді арнайы берік материалмен қапталған.
Орнатылған сәттен бастап ескерткіш бірнеше рет қайта қалпына келтіру жұмыстарынан өтті. Александр Кургузкиннің айтуынша, «Кенші» тек сәулет нысаны ғана емес, Рудный қаласының басты символы болып қала бермек.
Бұған дейін Римде Абай Құнанбайұлының мүсіні орнатылғанын жазған едік.