Рухани жаңару қоғамға да, адамға да керек - Шолпан Қыдырниязова

ОРАЛ. ҚазАқпарат - Ағылшын ақыны, драматург Шекспир: «Пікір-тұжырым күшті болса, іс те мықты болмақ», - деген  еді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы  көпшіліктің көкейінде көлденең тұрған көп сауалға жауап берді. Бұл туралы белгілі айтыскер ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, «Құрмет» орденінің иегері, көп жыл бойы облыстық тілдерді дамыту басқармасын басқарған еңбек ардагері Шолпан Қыдырниязова мәлім етті, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» тілшісі.

Оның айтуынша, аталмыш мақала қалғып кеткендерді оятып, «Елім, жерім, ұлтым!» - дейтін әр қазақтың рухын қанаттандырды. Рухани жаңару қоғамға да, адамға да керек  еді. Қоғаммен бірге сана, дәстүрдің озығы, салттың сыннан сүрінбегені заман талабына сай сатыға көтерілуі шарт.

«Қанымызға сіңген көптеген дағдылар мен таптаурын болған  қасаң қағидаларды өзгертпейінше, біздің толыққанды жаңаруымыз мүмкін емес. Біз жаңғыру жолында бабалардан мирас болып, қанымызға сіңген, бүгінде тамырымызда бүлкілдеп жатқан ізгі қасиеттерді қайта түлетуіміз керек," -дейді Нұрсұлтан Әбішұлы.  Иә. Орынды сөзге тоқтаймыз, айтылғандардың  бұқараға да, билікке де қатысты екенін мойындаймыз, екі жақтың да түсіністікпен жаңғыруын қолдаймыз. Елбасы қадап айтқан ұлттық санамызды кемелдендіру, рухымызды ұйықтатпау,  бәсекеде бәстесу, салт-дәстүр бірегейлігін сақтау, біліміміз бен біліктілігімізді жетілдіру, өзіңді өзгеге мойындату, жөнсіз жершілдіктің жолын кесу, мақсатсыз масаттанудан арылу, әлемді тану мен әлемге танылу біздің ортақ мүддеміз болуы тиіс.

«Жаңарған қоғамның өзінің тамыры тарихының тереңінен бастау алатын рухани коды болады», - деді Елбасы. Соның бірегейі - тіл. Мен өзім тіл маманы ретінде мемлекеттік тілімізді латын әліпбиіне біртіндеп көшіруді қолдаймын. «Ешқашан да үлкен қиыншылықтарсыз күрделі істер болмайды», - деп француз жазушысы  Вольтер (Франсуа-Мари Аруэ) айтқандай,  мың кісіде мың түрлі пікір болады, егеменді елдің ертеңін ойласақ, бірауыздылық танытып, латын әліпбиіне көшкен елдердің қателіктерін қайталамай, жұмысқа жұмыла кірісуіміз керек, ұлтымыз ұтпаса, ұтылмас, уақыт жетті, мен отарланған тілімізді оңтайландырудың оңды жолы осы деп ойлаймын.

«Білімді болу - жаңалық ашуға қабілетті болу», - дейді  орта ғасырдың атақты ойшылы, энциоклопедист, Аристотельден кейінгі дүниежүзі білімі мен мәдениетінің екінші ұстазы Әбу Насыр Әл-Фараби. Мақаладағы «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы - игілікті идея, талабы зор, талғамы биік ұрпақ тәрбиесінің ұтымды ұстанымы.

«Туған жерге туыңды тік» жобасы  кіндігімізбен байланған, қимасымызға айналған, адамдықтың бесігі, адалдықтың есігі, төзімнің төбесі, көңілдің көбесі, өнегенің өресі -  ауылды ұрпаққа ұлықтап, қарапайым жай қазақ пен бәсекеге қабілетті бай қазақтың, өзге тілді өмірімізге тілеулес тұрғындардың патриоттық сезімдерін оятып, ауылдарды дамытуды, мәдени орындар мен тарихи ескерткіштерді  қалпына келтіруді көздейді. Батыс Қазақстан облысында бұл бағытта жүргізіліп жатқан оңды істердің барын білеміз. «Жайықтың  жауһарлары» , «Балбал тастар тарихы» деген бағыттағы   облыстық, осы бағыттағы аудандық жобалар жасалса, керемет болар еді.

«Жаһандағы заманауи қазақстандық мәдениет», «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобалары да көңілге қуаныш сыйлайды. «Ауылдың ардақтысы» немесе «Облыстағы он есім»  деген сияқты өңірлік нұсқа жасауға болады. Қорыта айтқанда, Елбасының мақаласы маңыздылығымен, мазмұндылығымен елді елең еткізді, жаңа серпін сыйлады, ал «Егемен Қазақстан» басылымы  Елбасының жүрекжарды тағылымды да тиянақты тұжырымын  халқына жеткізді. Сол үшін үлкен рахмет! Бүгініміз берекелі, ертеңіміз еңселі, келешегіміз кемел  болсын. Мен елімнің ертеңіне сенемін», деп түйіндеді ойын Шолпан Қыдырниязова.