Румыниядағы президентті сайлауда әсіре оңшыл саясаткер Джордж Симион алда келеді

Фото: Фото: x.com/vpopulimedia

АСТАНА. KAZINFORM — 4 мамырда Румынияда президент сайлауы қайта өтті. Экзитполл қорытындылары белгілі болды, деп хабарлайды BBC

Қорытындыға сәйкес, бірінші кезеңде «Румындарды біріктіру альянсының» жетекшісі Джордж Симион 30-33 пайыз дауыспен алда келеді.

Алдын ала мәлімет бойынша, басқарушы коалицияға кіретін үш партиядан (Социал-демократиялық, Ұлттық-либералдық және Румияндағы мажарлар демократиялық альянсы) жалғыз кандидат — Бухарест мэрі Никушор Дан немесе Крин Антонеску екінші орында тұр. Қорытындыға сәйкес, бұл партиялар 21-23 пайыз дауыс жинады және олардың бірі екінші турға Симионмен бірге өтеді.

Сайлауға барлығы 11 кандидат қатысты. Өткен жолы президенттікке 13 үміткер болған. 

Бұл Конституциялық сот өткен жылдың қарашасында ресейшіл кандидат Кэлин Джоржеску жеңіп алған бәсеке қорытындыларын жоққа шығарғаннан кейін елде  президент сайлауы екінші рет өтіп жатыр.

Румыния билігі шетел мемлекеттерінің, әсіресе Ресейдің алдыңғы сайлауларға араласқанын растайтын барлау мәліметтері бар екеніне сендіріп отыр. Румынияның барлау қызметі ел Ресейдің «агрессивті» гибридтік әрекеттерінің, соның ішінде кибершабуылдар, ақпараттың таралуы және қаскүнемдіктің нысанасы болғанын мәлімдеді.

Бұл жолы Румынияның ОСК Джоржескуға сайлауға қатысуға рұқсат берген жоқ, Жоғарғы сотқа түсірілген шағым да көмектеспеді.

Бірінші турдың көшбасшысы Джордже Симион сайлауда жеңіске жететін болса, қызметтен шеттетілген кандидат Кэлин Джорджескуды билікке қайтара алатынын мәлімдеді. 

– Румын халқы қаласа, Джорджеску мырза басшылық қызметке келе алатын бірнеше жол бар, және біз ол мүмкіндіктерді пайдаланамыз, – деді Симион.

Ультраоңшылдар танымалдылығының артуы

Джордже Симион өзінің бірінші раундтағы жетістігіне қатысты X әлеуметтік желісінде түсінік берді.

— Дауыс беруге (мен үшін) бел буғандардың барлығына шын жүректен алғыс айтқым келеді. Бұл батылдық, сенім және ынтымақтастық әрекеті болды. Мен оларға ризамын және олардың сеніміне опасыздық жасамайтынына сендіремін.

Бұл сайлауда мәселе осы немесе басқа кандидат туралы емес, өтірік айтылған, еленбеген, қорланған, бірақ әлі де болса сенуге және өзінің жеке басы мен құқығын қорғауға күші бар әрбір румындық туралы болып жатыр, — деп мәлімдеді ол жұма күні.

Симион — Румыния мен Молдованың бірігуін жақтаушы, сол үшін ресми Кишинев оған бірнеше рет елге кіруге тыйым салған. Симион сонымен қатар еуроскептицизммен және гомофобиялық мәлімдемелерімен танымал.

Бұған дейін Румынияда президент сайлауы қайта өтіп жатқаны туралы жазған болатынбыз