АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат - Премьер-Министр Серік Ахметов Өңірлік даму министрлігіне Үкіметке ағымдағы жылдың 1 мамырына дейін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын оңтайландыру бойынша ұсынысты енгізуді тапсырды.
«Тиісті мүдделі органдармен, ұйымдармен, «Даму» қорымен, «Атамекен» Одағымен бірлесе отырып, 1 мамырға дейін «Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасын оңтайландыру бойынша Үкіметке ұсыныс енгізу керек», - деді Премьер-Министр бүгін Үкімет отырысы барысында.
Бұдан бөлек, С. Ахметов кәсіпкерлікке қызмет көрсету бойынша орталықтардың еліміздің барлық өңірінде ашылуын қамтамасыз етуді жүктеді.
Руслан Ғаббасов
Ақмола облысының Біржан сал ауданында дүниеге келген. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика факультетін бітірген. 2005 жылдан бері «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігінде жұмыс істеп келеді.