С.Ахметов мемлекеттік органдар басшыларына ҚР Президентінің Ақордадағы кеңесінде алға қойылған міндеттерді жүзеге асыру жөнінде тапсырмалар берді

АСТАНА. 24 қаңтар. ҚазАқпарат - Бүгін Үкімет үйінде ҚР Премьер-Министрі Серік Ахметов Үкімет отырысын өткізіп, онда Мемлекет басшысының 2013 жылғы 23 қаңтардағы кеңесте сөйлеген сөзінен туындайтын міндеттерді жүзеге асыру бойынша мемлекеттік органдар басшыларына бірқатар тапсырмалар берді.

«Отырысты ашқан С.Ахметов Үкімет пен әкімдердің алдында тұрған міндеттерді сапалы іске асыру үшін тапсырмаларды нақтылап, оның орындалуына жауапты тұлғаларды анықтап алу керектігін атап көрсетті. ҚР Премьер-Министрі өзінің орынбасарларына Елбасының тікелей берілген тапсырмаларына айрықша көңіл бөле отырып, олардың орындалуына қатаң бақылау жасау қажеттігін тапсырды», -делінген ҚР Премьер-Министрінің баспасөз қызметінің мәліметтерінде.

Атап айтқанда, С.Ахметов инфроқұрылымдық міндеттерді жүзеге асыру аясында Астана-Алматы арасында жүрдек пойыздарға арналған темір жол құрылысы мен Астана-Алматы, Астана-Ақтау, Астана-Өскемен автокөлік жолдары құрылыстары бойынша ұсыныс енгізуді, Жезқазған-Бейнеу және Арқалық-Шұбаркөл желісіндегі темір жол құрылыстарын жалғастыруды тапсырды.

Сондай-ақ, Ақтау портын кеңейту жобасының 2-ші және 3-ші кезеңдерін іске асыру жұмыстары қарқын алып, үстіміздегі жылы Тобыл-Көкшетау-Астана газ желісінің құрылысы басталатын болады.

«Экономика және бюджеттік жоспарлау, қаржы, білім және ғылым, денсаулық сақтау, мәдениет және ақпарат министрліктері облыстардың, Астана және Алматы қалаларының әкімдері Президенттің жаңадан әлеуметтік нысандар құрылысын бастауға мораторий енгізу туралы тапсырмасын орындауды, қаржыны күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстарына қайта бөлуді қамтамасыз етсін»,- деді С.Ахметов.

Үкімет басшысы атом электр стансасының үлгісі және оны салатын жерді анықтау туралы шешімнің жобасын, Бірыңғай зейнетақы қорын құру туралы ұсыныс енгізуді, дағдарысқа қарсы жаңа Жол картасын әзірлеуді тапсырды.

«ҚОҚМ ЭКСПО-2017 өткізу Тұжырымдамасының жобасын әзірлеп, Мемкомиссияның қарауына ұсынсын. Самұрық-Қазына, Астана қаласының әкімшілігі елордада «жасыл орам» құрылысының пилоттық жобасы бойынша ұсыныс енгізсін. «Астана ЭКСПО» Ұлттық компаниясы, Астана әкімшілігі көрме кешенінің әрі қарай даму жоспары мен архитектуралық дизайнын жасау бойынша халықаралық байқау өткізуді қамтамасыз етсін»,-деді С. Ахметов.

Сонымен қатар, Астана қаласы әкімшілігі елорда келбетін ажарландырып, жаңарту бағдарламасын жасаумен айналысады. Ал, Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі мен Самұрық-Қазына ЭКСПО-2017 көрмесін балама көздер есебінен электр қуатымен қамтамасыз ету бойынша ұсыныстар дайындайды.

«Мемлекет басшысының тапсырмаларын сапалы әрі толық көлемде орындау - біздің бірінші кезектегі міндетіміз. Кеше бірқатар әділ сын айтылды, біз одан тиісті қорытынды шығарып, жұмыстағы кемшіліктерді жоюға тиіспіз. Қайта ұйымдастырылған мемлекеттік органдардың бірінші басшылары қысқа мерзімде ұйымдастыру жұмыстарын аяқтап, Президенттің тапсырмаларын орындауға шұғыл кірісу керек»,- деп түйіндеді С.Ахметов.