Солардың бірі - ҚР Жоғары мектеп ғылым академиясының және ҚР Жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі, ҚР ҰҒА-ның корреспондент-мүшесі, фимлология ғылымының докторы Сейілбек Исаев. Бұл туралы ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымының докторы, профессор Өмірзақ Айтбайұлы бүгін Алматыда өтіп жатқан «ҚР Білім беру саласындағы мемлекеттік тіл: қазіргі ахуалы және мәдениетаралық ықпалдастық мәселелері»тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда айтты.
«С. Исаев негізінен тілдің ғылыми мәселелеріне ден қояды. Әсіресе оның назарына қазіргі тіл қолданысындағы түйінді мәселелер ілігеді. Ол қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы дейтін мәселені зерттеп, оны кандидаттық деңгейге жеткізіп, қорғады. 80-жылдардың екінші жартысы мен 90-жылдарда жазылған еңбектеріне қарап отырсақ, оның мемлекеттік тіліміздің жекелеген нақты мәселелеріне тереңдей түскенін аңғару қиынға соқпайды», - деді Ө.Айтбайұлы. Оның айтуынша, С.Исаев әсіресе тілдің төркініне, этимологиялық сипатына тереңдеп, көптеген қазақ сөздерінің сырын ашты. «Төркін сөзінің төркіні», «Жаубүйрек сөзінің этимологиясы», «Шарбақ сөзінің шығу төркіні» және т.б. толып жатқан сөздердің сырын біз осы Сейілбек зерттеулері арқылы аштық десек артық болмас. Сондай-ақ, ол бұл жылдары әдеби тіл тарихы, тіл мәдениеті, әдеби тіл нормалары және қазақ тіліндегі негізгі грамматикалық ұғымдар мәселесіне үңіледі. Ойға жетелейтін мазмұнды мақалаларын жазады. Өмірзақ Айтбайұлының өзіне қарағанда: «Сейілбек Мұхамеджарұлы тіліміздегі жекелеген сөздерді саралаумен ғана шектелмей, оның эстетикалық проблемаларына да бойлайды. Қазақ тілінің мақал-мәтелдері, тұрақты тіркестері, фразеологизмдері мен идиомалары тәрізді ең шұрайлы, бейнелі, сырлы да нұрлы сөздері жайында өзіндік шымыр талдамаларын ұсынады. Міне бұл болашақ әйгілі тіл маманының мемлекеттік тіліміздің кеңірек қанат жайып, өріс ашуына тигізген өзіндік қолғабысы болатын. Мұның бәрі сөз жоқ, әсіресе ғажайып тіліміздің қыр-сырын әлі біле қоймаған жас ұрпақ үшін өте қажетті материалдар болып тасқа басылып қалды».