Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрының гастрольдік сапары аяқталды-Көкшетау

КӨКШЕТАУ. 13 қараша. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/-Кеше Сәбит Мұқанов атындағы Солтүстік Қазақстан облыстық қазақ сазды-драма театрының труппасы Көкшетау қаласындағы бір апталық гастрольдік сапарының қорытындысында көрермендер назарына «Шам шырақ» шоу-концерттік бағдарламасын ұсынды.

Апта бойы театр сүйер қауым Шахмет Хұсайынов атындағы облыстық қазақ музыкалық-драма театрының сахнасынан көршілес облыс театр актерлерінің өнеріне тәнті болды. Осы уақыт аралығында Александр Володиннің «Қос жебе» драмасы, авторы әрі режиссері, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Әлібек Оразбековтың «Бір түп алма ағашы» драмасын, Михаил Задорновтың «Күйеуіңізді сатыңызшы» комедиясын, Мағжан Жұмабаевтың «Батыр Баян» тарихи драмасын, Оспанхан Әубәкіровтің «Қожа мен спорт» ертегісін тамашалап, актерлерге ризалық сезіммен гүл шоқтарын табыстады. Бұл ретте көкшелік өнер сүйер қауым театрдың белді актерлері Біржан Жалғасбаев, Нартай Сәрсенбаев, Батырбек Шанбетовтың өнеріне құшырлана қол соқты. Сәбит Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрының он жылдығына арналған шоу-концерттік бағдарламасымен гастрольдік сапар шымылдығы жабылды. Кеште халық әндері, есімі кеңінен танымал сазгерлердің шығармалары мен классикалық туындылар орындалып, әзіл-сықаққа толы комедиялық үзінділер келтірілді.

Театр труппасы бұған дейін өз өнерлерін Қостанай мен Қарағанды қалаларының көрермендеріне ұсынған болатын.