Ата-баба мұрасының жаңғыруы
Самал Төлеңгітованың айтуынша, қазақ даласында хандық дәуірден де бұрын өмір сүрген сақ тайпалары су көздерінің маңына аялдап, отқа тас қыздырып, оның үстіне шатыр тіккен. Кейін қызған тастарға киікоты, мыңжапырақ, жусан секілді шөптердің тұнбасын құйып, буға түскен. Одан соң салқын суға шомылған. Бұл бүгінгі тілмен айтқанда ағзаны шынықтыратын контраст су процедураларының әрі табиғи ем-дом тәсілдерінің көне үлгісі болған.
– Қазақ халқында уақыт өте ұмытыла бастаған тамаша дәстүрлер өте көп. Қазіргі түсінікпен айтсақ, буға түсу ағзадағы лимфа жүйесінің жұмысын белсендіреді. Бұрын балалар ауырғанда әжелеріміз олардың денесін қойдың майымен ысқылайтын. Майдың өзі ерекше емдік қасиетке ие болмауы мүмкін, алайда ысқылау кезінде лимфалық массаж жасалып, тері саңылаулары ашылады, адам терлей бастайды. Соның нәтижесінде ағза табиғи жолмен тазарады, – деді Самал Төлеңгітова.
Бүгінде сақ моншасы дәстүрі қазақстандықтардың ғана емес, шетелдік туристердің де қызығушылығын тудырып отыр. Қазақстанға келген қонақтар дәстүрлі буға түсу рәсімін, сыпыртқымен булау тәсілдерін және ұлттық тағамдардан ұсынылатын дәмдерді ерекше ықыласпен қабылдайды.
Өзіңді тыңдауға мүмкіндік
Сақ моншасының рәсімдерінде емдік қана емес, рухани-эстетикалық мазмұн да ерекше орын алады. Қонақтарды алдымен дәстүрлі дауылпаздың үні қарсы алады. Ал будан кейін тұзды суы бар бассейндерге шомылу ұсынылады. Самал Төлеңгітованың айтуынша, қазақ әйелдері ежелден мұндай судың шипалы қасиетіне сенген.
— Ата-бабамыздан жеткен және уақыт өте қайта жаңғыртылған дәстүрлерді өз жобаларымызда кеңінен қолдануға тырысамыз. Мұның құндылығы да осында. Бұл жай ғана әдемі аңыз емес, адамның өзі бастан өткеріп, әсерін сезіне алатын өміршең тәжірибе. Моншада адамның тәні мен жаны тынығып, ішкі үйлесімге келеді. Дене толық қызады, адам босаңсып, өз-өзіне құлақ аса бастайды. Жүрек соғысын, ойын, сезімдерін тереңірек сезінеді, — дейді спикер.
Рәсімнің алғашқы кезеңі денені қыздырудан басталады. Монша шебері қызған тастарға шөп тұнбасын сеуіп, бу шығарады. Қонақтар шөптердің хош иісін жұтып, температураға біртіндеп бейімделеді. Осыдан кейін бірнеше минут таза ауаға шығып демалады.
Келесі кезеңде денені ылғалдандырып, теріге шөптен дайындалған бальзамдар жағылады. Одан кейін қонақтар қысқа уақытқа сыртқа шығып, шөп шайын ішеді.
Үшінші кезеңде дәстүрлі сыпыртқымен булау рәсімі өтеді. Осыдан соң өзенге шомылуға немесе мұздай суға түсуге болады. Төртінші кезең алдыңғы рәсімдерді қайталайды. Ал бесінші, соңғы кезеңде бу температурасы ең жоғары деңгейге — шамамен 80 градусқа дейін көтеріледі. Денеге терең сіңген ыстықтан кейін салқын суға түседі және осымен рәсім аяқталады.
Самал Төлеңгітованың пікірінше, қазіргі қарбалас өмір мен үздіксіз күйзеліс көп, сол себепті сақ моншаларына сұраныс артып келеді. Өйткені мұндай рәсімдер бұлшықеттерді босаңсытып, күш-қуатты қалпына келтіруге, жан дүниені тыныштандырып, ішкі күйді табуға көмектеседі.
Ата-баба дәстүрі мен ұлттық дүниетаным сабақтасқан мұндай ортада монша жай ғана демалыс орны емес, денсаулықты нығайтып, рухани серпіліс сыйлайтын ерекше тәжірибеге айналады.
Еске сала кетсек, Ресейдің Тыва Республикасындағы «Патшалар аңғарында» ерте сақ дәуіріне жататын Туннуг қорғанын қазу кезінде бұрын-соңды теңдесі табылмаған екі тас ескерткіш анықталды. Археологтердің айтуынша, бұл олжалар сақ мәдениетінің қалыптасу кезеңін тереңірек зерттеуге жол ашады.