«Саламатты Қазақстан» медициналық пойызы Павлодар облысының стансыларын аралауда

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - «Саламатты Қазақстан» арнайы медициналық пойызы Павлодар облысының халқына көмек көрсетуде.

Пойыз бригадасы бұл өңірде 4-28 қыркүйек күндері аралығында болады. Одан кейін пойыз Семей мен Қарағандының темір жолдарын басып өтуді жоспарлап отыр. Бұл туралы «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінен хабарлады. 

Бригада құрамында ҚР ТЖМ «Апаттар медицинасының теміржол госпитальдары» АҚ-ның бірінші және жоғары санаттағы кәсіби дәрігерлері бар.

Өзінің 6 күндік сапарында медициналық пойыз Павлодар жолы бойындағы 6 стансыда болды. Барлық дәрігерлер қаладағы жұмыс тәртібінен едәуір көп жүктеліммен жұмыс істеуде. Олар таңғы 9-дан, ең соңғы келушіні қабылдап болғанға дейін жұмыс жасауда. Бүгінге дейін келген адамдардың ешқайсысы тексерістен шет қалған жоқ.

Осы 6 күннің ішінде 758 адам, оның ішінде 391 бала  тексеруден өтті. Ал жүргізілген тексерістердің жалпы саны 3549-ға жетті (әр адам 3-4 дәрігерге қаралды). Барлық тексеру жұмыстарына заманауи диагностикалық аппаратуралар қолданылатынын да атап өткен жөн.

Мәселен, осы күндер ішінде 1810 диагностикалық зерттеу жүргізілді. 200-ден астам тұрғын жоғары дәрежелі тіс дәрігерінің көмегін алды. Сондай-ақ, тұрғындарға көрсетілген көмектердің көбі ауылдық және аудандық ауруханаларда мүлде көрсетілмейтінін атай кеткен жөн.

 «ҚТЖ» ҰК» АҚ пойыз дәрігерлерінің де барлық жағдайын жасап отыр. Мәселен, екі орындық купелерге тоңазытқыш, теледидар қойылған, пойызда сондай-ақ, кір жуғыш машиналар, биодәретханалар орнатылған, тамақтары да уақтылы беріліп тұрады.

«Ауыл тұрғындарының медициналық пойыздар бригадасы көрсететін сапалы қызметке деген қызығушылығы күннен күнге өсіп келеді. Бұл осы жобаның тиімділігі мен әлеуметтік маңыздылығын көрсетеді» - дейді ҚТЖ мамандары.