Салық мәдениетін қалыптастыру халыққа түсіндіру жұмыстарынан басталады - маман

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Жақында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Салық кодексіне енгізілген өзгерістерді мақұлдады. Жаңа салық режимі инвестиция тартып, бюджет кірісін арттырып, бизнестің дамуына ықпал етпек. Қазір елдегі салық саясаты қалай жүзеге асып жатыр, жалпыға бірдей декларациялаудың мақсаты не, қарапайым халық нені ескеруі керек? Осы және өзге де сауалдарға Алматы облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің өндірістік емес төлемдер басқармасының басшысы, «Мемлекеттік кірістер органдарының үздігі» Олжас Отар жауап берді.

Фото: Олжас Отардың жеке мұрағатынан

– Олжас Асангелдіұлы,әңгімемізді жалпыға бірдей декларациялаудың үшінші кезеңінен бастасақ...

– Бірінші кезең - 2021 жылы «кіріс» декларациясын мемлекеттік қызметшілер және оларға теңестірілген адамдар, сондай-ақ олардың жұбайлары ұсынды. Екінші кезең - 2023 жылы мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік сектордың қызметкерлері, сондай-ақ олардың жұбайлары тапсырды.Атап айтар болсам, дәрігерлер, мұғалімдер, спорт, мәдениет саласының қызметкерлері. Яғни, бюджеттен айлық алатын адамдар. Осы екі кезеңде декларацияны республика бойынша 3 млн жуық адам тапсырды. Үшінші кезең - 2024 жылдың қаңтарынан бастап декларацияны заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары (қатысушылары), жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ олардың жұбайлары (зайыбы) тапсыруға міндеттелді. Жасыратыны жоқ қазір халық арасында әртүрлі пікір қалыптасты. Басым бөлігі, бизнеске зиян келтіреді деген ойда. Олай емес. Жалпыға бірдей декларациялауды енгізудің мақсаты – кірістер мен мүліктің ашықтығын қамтамасыз ету, көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес. Кірістердің ашықтығы бюджетке қосымша түсімдерді де қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, өйткені салық салынбаған кірістер көлемі барынша азайтылады, яғни жеке табыс салығы бойынша салық базасы кеңейтіледі.

– Камералдық бақылау дегеніміз не?

– Камералдық бақылаудың алғашқы мақсаты салық төлеушіге анықталған бұзушылықтарды айыппұл шараларын қолданусыз дербес жою құқығын беру. Мысалы, бір компания екінші компаниядан 21 млн теңгеге тауар сатып алды дерлік, бірақ, өзінің есебінде ол 21 млн теңгенің орнына 10 млн теңге деп жазады. Бұрын осындай дүниелерге қағаз жүзінде аудит жүргізілетін. Мұның бәрі уақыт алады. Енді, камералық бақылау арқылы жүзеге асады. Салық төлеушілердің қызметіне тұрақты түрде жүргізілетін талдау жасырылған кірістерді бастапқы сатысында көрсетеді. Осындай фактілерді анықтау үшін қажетті техникалық мүмкіндіктер бізде бар. Салық заңнамасы шыңдалуда, әкімшілендірудің мүлдем жаңа деңгейіне шығуға мүмкіндік беретін электронды шот-фактуралар түсінігі енгізілді. Біз қандай шот-фактуралар кіммен қойылып жатқанын көреміз, Тәуекелдерді басқару жүйесі жалпы массадан аса тәуекелді операцияларды бөліп көрсетуге және олар бойынша тиісті шараларды қолдануға септігін тигізеді. Ал бұл анықталған бұзушылықтар туралы хабарламалар жаппай барлық салық төлеушілерге жолданбайды, тек таңдамалы түрде, яғни бұзушылық сомасы жоғары тәуекел деңгейі санатына жататындарға жолданады деген сөз. Аз ғана бұзушылық сомалары бойынша мүлдем жолданбайды.

– Хабарламаны орындамаған салық төлеушіге қандай зардаптары тиеді?

– Салық кодексіне сәйкес хабарлама орындамаған жағдайда салық органы банктік шоттар бойынша шығыс операцияларын тоқтата тұруға құқылы. Әрі қарай, орындалмаған хабарлама материалдарымен салық тексерісіне шығатын және салықтарды айыппұл шараларымен қоса есептейтін салықтық аудит қызметі айналысады.

– Жаңа салық кодексінде әртүрлі өзгерістер қарастырылған. Соның ішінде ескірген көліктерге салынатын салық төмендетілмек. Осыған тоқталып өтсеңіз.

– Дұрыс айтасыз, келер жылы жаңа салық кодексі енгізіледі. Онда көптеген өзеріс бар. Қарапайым халыққа тиімдісі - көлік құралдарына байланысты. Республика бойынша, көлік құралдарына салық жеңілдетілмек. Пайдаланыла бастағанына 10 жылдан асқан көліктердің салығы 30%-ға, 20 жылдан асқандары 50%-ға дейін төмендейді. Осындай ұсыныстар бар. Қазір қазақстандықтардың көлік салығы бойынша қарызы 18 млрд теңгеден асты. Негізі мүлік, көлік, жер салығын уақытылы төлеп отырған абзал. Бұл қаржы ауыл бюджетіне түседі. Яғни, ауылдың дамуына жұмсалады.

- Бүгінде ірі қалаларда пәтерді жалға беріп отырған адамдар аз емес. Шыны керек, көбісі ауызша келісе салады. Себебі пәтерді заң бойынша жалға берудің машақаты көп деп ойлайды. Оған қоса, салық төлеу керек. Осындай жандар үшін ыңғайлы салық мөлшерін таңдауға мүмкіндігі бар ма?

– Жылжымайтын мүлікті жалға беру – кәсіпкерлік қызмет. Одан түскен кіріске салық салынады, ал салықтан жалтарсаңыз, әкімшілік жауапкершілікке тартыласыз. Жеке кәсіпкерлер үйді патент бойынша немесе оңайлатылған декларация негізінде жалға бере алады. Екеуі де жұмысшыларды жалдауға және жинақталатын зейнетақы және медициналық сақтандыру жүйесіне қатысуға мүмкіндік береді. Бірақ, бұл кісілер жалға алушылармен келісім-шарт жасау керек. Бизнеспен табыс тапқан адам жеке кәсіпкер ретінде тіркелгені абзал. Мәселен, жеке көлікпен адам тасымалдаушылар. Ең алдымен, ол өзінің қауіпсіздігіне жауап береді. Әртүрлі жолаушы болады. Мүмкін такси қызметін пайдаланатындар тыйым салынған зат тасымалдайтын шығар. Осы кезде көлік иесі өзін оның сыбайласы емес екенін дәлелдей алмауы мүмкін. Егер жеке кәсіпкер ретінде тіркелген болса, заңмен қорғалады.

– Қазақстанда тұрғын үйді сатқан жағдайда қандай салық міндеттемесі туындайды?

– Тұрғын үйді бір жылдан аз уақыт иеленген қазақстандықтар мүлікті сату кезінде мәміледен түскен табыстың он пайызы көлемінде салық төлеуі тиіс. Бұл жағдайда салық тек пәтерлер мен үйлерге ғана емес, сондай-ақ Қазақстан аумағында орналасқан саяжай құрылыстары, гараждар мен жеке қосалқы шаруашылық нысандарын сату кезінде де салынады. Ал, бір жылдан кейін сататын болса, салық төлемейді. Егер, кәсіпкерлік мақсатта болса, онда олар салықтан босатылмайды.

– 8 шілдеде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ерекше қорғалатын табиғи аумақтар және электр энергетикасы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңға қол қойды. Бұл Алматы облысында туризм саласынан түсетін салыққа қалай әсер етеді?

– Осы күнге дейін әр адам мемлекеттік табиғи қорықтар, ұлттық табиғи парктер, табиғи резерваттар, мемлекеттік өңірлік табиғи парктерге кіргені үшін 0,1 АЕК (369 теңге) төлейтін. Аталмыш төлемақы алып тасталды. Алматы облысы бойынша былтыр ерекше қорғалатын ұлттық парктерден 286 млн теңге қаржы түскен. Биыл 363 млн теңге түседі деп жоспарлаған едік. Жарты жылдықта бюджет қазынасына175 млн теңге құйылды. Енді болды түспейді.

Бизнесті тексеруге мораторий аяқталды: кәсіпкерлер жаппай тексеріле ме?

– Елімізде бизнесті тексеруге мораторий 2020 жылғы 1 қаңтарда жарияланған болатын. Бастапқыда мораторий 2023 жылғы қаңтарда аяқталады деп жоспарланған. Алайда былтыр Президент оның мерзімін тағы бір жылға ұзартты. Мұндай жеңілдіктер еш мемлекетте қарастырылмаған. Тек бізде ғана. Елде, бизнес саласы дамысын деген оймен жасалған оңтайлы әрекет болды. Осы уақыт ішінде 400 млрд теңге қаражат мемлекет қазынасына түскен жоқ. Салық сәл көбейсе, « Мемлекетте ақша жоқ» сол үшін осылай істеп жатыр деген жансақ пікір қалыптасады. Егер, елде ақша болмаса, үш жылға салықтан босата ма? Егер, кәсіпкер салықты уақытылы төлеп, түрлі құйтырқы іс-әрекетке барамаса, оның кәсібі де өрге домалайды. Ол үшін мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалып жатыр деп ойлаймын.

– Елімізде салық төлеу мәдениеті қалыптасты ма?

– Салық мәдениетін қалыптастыру халыққа түсіндіру жұмыстарынан басталады. Мұнда дұрыс ақпарат жеткізу мен коммуникацияның рөлі зор. Жалпы ел тұрғындардың салық төлеуге деген көзқарасы оң. Дегенмен, жетілдіру жұмыстарын қолға алуымыз керек.

- Сұхбатыңызға рахмет!