Салық қызметкерлері шоу бизнес өкілдерін жеке кәсіпкер ретінде салық төлеуге шақыруда

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті мәдениет пен шоу бизнес өкілдері және асабаларды салық органдарында жеке кәсіпкер ретінде тіркеліп, табыстарынан салық төлеп, мүліктерін жариялауға шақыруда.

«Бизнесті жүргізуге және салық төлеушілерге ыңғайлы болу үшін 2016 жылдың 1 қаңтарынан бастап, Салық кодексіне бірқатар оңтайлы өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, мүлікті жариялау мерзімі 2016 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылды. Бірақ, соған қарамастан салық төлеуден, мүлкін жария етуден жалтарып жүргендер бар. Бұл әсіресе әншіл, тойшыл және ойыншыл қауымның ішінде кеңінен өріс алып жатыр. Олар кімдер? Олар - мәдениет пен шоу бизнес өкілдері  және асабалар», - делінген департаменттің бүгінгі хабарламасында.

Алматы қалалық мәдениет басқармасының берген мәліметтеріне сәйкес, өткен жылы кәсіпкерлікті мәдениет пен шоу бизнес саласы бойынша жүргізетін салық төлеушілердің қызметіне талдау жасалған. Солардың ішінде 163 салық төлеушінің 41-і ғана жеке кәсіпкер ретінде тіркелгендігі анықталды. 

«Қымбат үйлер мен қымбат көліктерді, қымбат киімдерді пайдаланып, қымбат клиптер түсіріп  жүрген белгілі өнер тарландарының салық төлемей, мүлкін жарияламай жүргені өкінішті. Мысалы, белгілі әнші Бүркіттің 2015 жылғы табысы (доллардың ескі бағамымен алғанда) 1 миллион АҚШ долларын құраған. Алайда ол жеке кәсіпкер ретінде салық органында тіркелмеген және өзі жасап жүрген шоу бизнесі бойынша мемлекетке бір тиын салық төлемеген. Бұған қоса, белгілі әншілер  Асхат Тарғын (табысы 172,8 миллион теңге), Алишер Кәрімов (135 миллион теңге), Ділназ Ахмадиева (108 миллион теңге), Бақтияр Мамедов (90 миллион теңге), Әли Оқапов (54 миллион теңге), Жанар Дұғалова (45 миллион теңге) бар. Есімдері аталған өнер жұлдыздары қомақты табыс тапқандарына қарамастан, салық төлеуден бойларын аулақ салған» - делінген хабарламада.

Дегенмен, салық төлеуші жеке кәсіпкер ретінде тіркелген өнер жұлдыздары да бар екен. Олар - Луиза Қарынбаева мен Мақпал Исабекова. Алайда, тіркелгендерімен олар да салық төлеуден бас тартқан.

«Әншілердің қайсібірі филармонияда, театрда, «Қазақконцертте» немесе басқа бір мекемеде тіркелген. Тіпті, кейбіреуі ешбір жерде тіркелмеген. Айлық жалақылары төмен. Ал кейбіреуінде тапқан ақшасын дәлелдейтін ешбір құжат жоқ. Әлеуметтік төлемдер және зейнетақы қорына бір тиын түспеген. Ал тұрған үйі мен мінген көлігінің құны миллион долларға жуық немесе одан да асып түседі», - дейді департаменттегілер. 

Сонымен, Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің хабарлауынша, қазіргі уақытта мәдениет және шоу бизнес өкілдерін салық органында тіркеу және салықты мәжбүрлі түрде декларациялау мәселелері қатаң қолға алынып жатыр. Алдағы уақытта продюсерлік қызмет, дыбыс жазу, клиптер түсіру сияқты қызмет саласы да салықтық бақылауға алынады. Оған қоса, ҚР Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 275 бабына (Салық салу обьектілерін және салықтық есептілікке жататын өзге де мүлікті жасыру) жаңа өзгерістер енгізілді. Онда жасырылған мүлік әшкере болған жағдайда салынатын айыппұл көлемі 250-ден 500 айлық есептік көрсеткішті (530 мыңнан 1 миллион 60 мыңға дейін) құрайтыны жазылған.

Не істеу керек? Мүлікті жариялау туралы Заң талаптары шеңберінде бәрін заңдастырған және салық төлеуші ретінде мемлекеттік кіріс органында тіркелген абзал. Осы орайда,  жылжымалы мүлік пен қаржыны заңдастыру кезінде субьект барлық  жауапкершіліктен (қылмыстық, әкімшілік, салықтық және тәртіптік) босатылады. Яғни, мүлікті жария етушінің өткен кемшіліктері мен салық төлеуден жалтарған әрекеттеріне ешқандай сұрау салынбайды. ҚР Қылмыстық кодексінің 48- бабының талаптары бойынша жария етілген мүлік тәркіленбейді.

Басқа біреулердің атына ресімделген жылжымайтын мүлкін тегін  өз атына аудара алады. Бұл үшін мемлекетке 10 пайыздық алым төленбейді. Қолдағы ақшаны банкке немесе Ұлттық пошта операторындағы есепшотқа салу арқылы жария еткен жағдайда да ешқандай алым алынбайды. Жауапкершілікке тартылмайды. Осы орайда, 10 пайыздық алым тек шетелдегі жылжымайтын мүлікті (оның ішінде басқа біреудің атына ресімделген), сонымен қатар, қолдағы ақшаны банкке салмай-ақ, декларативті түрде жария еткен жағдайда ғана алынады. 

Соңғы жаңалықтар