«Салық салып, халықтың санын көбейте аламыз ба?» - республикалық басылымдарға шолу

АСТАНА. 13 қараша. ҚазАқпарат - Қазақ ақпарат агенттігі республикалық басылымдарда 13 қараша, сенбі күні шыққан өзекті материалдарға шолуды ұсынады.

«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында «Баға өсуіне жол берілмеуі тиіс» деген мақала жарияланды. Мақала Парламент Сенатының жалпы отырысында көтерілген өзекті мәселелерге негізделген. Нақтырақ айтқанда отырыста еліміздің бірқатар министрліктері мен ведомство басшылары сенаторларға елдегі әлеуметтік, экономикалық жағдай жөнінде баяндап берген. Мысалы, Мәжілісте қаржы кредиттік саясат туралы баяндаған Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бисенғали Тәжияқов қаржы секторындағы жағдай біршама тұрақтанғанын атап өтті. Оның мәліметінше, екінші деңгейлі банктердің сыртқы қарызы үстіміздегі жылдың 1 қазанына 21,5 миллиард долларға төмендеген. Әйтсе де экономикалық қаржыландыру да 2 пайызға кеміп, тартылған қаржы көлемі 7,5 триллион теңгені құраған. Банктер портфелінің ортайып қалуы макроэкономикадағы тәуекелдермен байланысты, деп түйіндеген. Үкімет бизнесті қаржылай қолдау арқылы жағдайды түзеуге мүмкіндігі бар екендігін де ескерте кетті. Отырыста елдің экономика саласындағы жағдай жөнінде Қаржы, Экономика және сауда министрлері де баяндама жасаған.

Сондай-ақ аталмыш басылым «Мұнайлы өңір қазақшалана бастады» деп жазады. Осындай тақырыппен жарияланған мақала авторының айтуынша, Атырау -ежелден тілдік ортасы қалыптасқан, қазағы басым өңір. Ел көлемінде іс-қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізуге алғашқылардың қатарында көшкені де сондықтан. Алайда осы өңірде тілдік ахуалға деген оң көзқарас бірден орныға қойған жоқ. Бүгінгі нәтижелі жұмысқа үлкен еңбектің арқасында қол жеткізілді. Халқының 90 пайызы жергілікті ұлт бола тұра, мұнда да қазақ тіліне өзіндік салқынын тигізген қиғаштықтар болған. Облыс мемлекеттік тілге алғашқылардың қатарында 2002 жылы көшсе де тілдік ахуал біраз уақытқа дейін бір жүйеге келмеді. «Тек 2005 жылы республикада Тіл комитеті, өңірлерде тіл басқармалары құрылып, өкілеттіктер күшейтілген соң ғана тіл саясаты бір жүйеге түсе бастады», деп жазады мақала авторы.

***

«Айқын» басылымының жазуынша, қазақ елі кезінде тентіреп, жұмыс іздеп, жатжұрттарға кетіп қалған ғалымдарымызды Отанға қайтаруға шындап кіріспек. Бұл жаңалықты кеше Жоғарғы палатада Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов жария етті. Ол өздерінің арнайы бағдарлама әзірлеп, Үкіметке енгізетіндерін жеткізді. «Бүгінде ғалымдарды, әсіресе, талантты ғалымдарды Қазақстанға оралту мәселесі пысықталуда, - деп құлақтандырды сенаторларды министр мырза. - Біз шетелде жұмыс істейтін қазақстандық ең талантты ғалымдардың тізімін құрдық, оған 125 тұлға кірді. Қандай да бір себептермен, әртүрлі жылдарда жатжұрттарда қалып қойған өзіміздің белгілі ғалымдарымызды қайтару жөніндегі арнайы бағдарламаны біз Үкіметке енгізуге дайындалып жатырмыз», деді Білім және ғылым министрі. Бұл туралы басылымның бүгінгі санындағы «Шетелде жүрген талантты ғалымдар Қазақстанға қайтуы керек» атты мақаладан біле аласыздар.

Сондай-ақ осы басылымда «Салық салып, халықтың санын көбейте аламыз ба?» атты проблемалық мақала жарияланды. Орталық Азия университетінің ректоры, демограф-ғалым Мақаш Тәтімовтің пікірінше, балалары жоқтарға және 25-30 жас аралығындағы үйленбей жүрген қыздарға салық салу керек, бұл - Қазақстанда халық санының өсуіне ықпал ететін болады деген. Демограф Қазақстанның солтүстік облыстарындағы халық санының өсімі баяулап бара жатқанына алаңдаушылық білдіреді. Кеңес өкіметінің тұсында, Сталин басқарып тұрған соғыстан кейінгі кездерде халық санын өсіру керек болды. Сол заманда некеге тұрмағандарға және баласы жоқтарға салынатын салықтың екі түрі болған. Салықтың бұл түрі бертінге дейін сүрбойдақтардан алынып келді. Мақаш Тәтімовтің айтуынша, салықтың көлемі аз болғанмен, психологиялық жағынан қатты әсер ететін көрінеді. Сондықтан адамдар бұған назар аударатыны сөзсіз.

***

«Алаш айнасы» басылымы бүгінгі санында «Заңдарымызға сапалы ғылыми сараптама қажет» атты проблемалық мақала жариялаған. Мақала авторының пайымдауынша, еліміздің заңдары қаншалықты дәрежеде ғылыми сараптамадан өтеді? Осындай сараптама бар ма өзі? Болса, одан өткен заңдарымыз жемісін беріп жатыр ма? Сапасы қаншалықты жоғары? Бұл сұрақтарға келгенде тосылып қалатынымыз жасырын емес. Себебі біздегі заңдардың ғылыми сараптамадан өтуі формальды түрде ғана екенін қазбалай келгенде көзіңіз жетеді. Кеше осы мәселеге арнап, Экономикалық даму және сауда министрлігі дөңгелек үстел ұйымдастырды. Негізгі тақырыбы - Қазақстан Республикасында қабылданатын заңдарға ғылыми сараптама жасап, оның әлеуемттік-экономикалық салдарын бағалау. Бұл проблемамен негізі Әділет министрлігі айналысуы керек еді. Алайда мұны экономикалық ведомство қолға алып отыр. Оны түсіну қиын емес. Заман соған тіреп тұр. Себебі заңымыздың дұрыс болмауы ең әуелі экономикамызға кері әсерін тигізеді.

Сондай-ақ аталмыш басылым «Орыс тілді мектептерге латын графикасын енгізуді түбегейлі шешіп алмайынша, латын графикасына көше аламыз ба?» атты тақырып бойынша ғалымдардың пікірлерін беріпті. Белгілі мәдениеттанушы ғалым Мұрат Әуезов бұл мәселе төңірегінде былай дейді: «Өз басым қазақ қоғамының латын графикасына көшу керектігін жақтаушылардың бірімін. Осы мәселеге қатысты ой-пікірлерімді бұрыннан бері айтып та, жазып та келемін. Жалпы, бұл идеядан біз басымызды алып қашпауымыз керек. Кезіндегі кеңес үкіметі тұсында бізбен бауырлас кейбір халықтар латынға көшкенде, арамыздағы рухани байланыстар үзіліп, бір-бірімізді түсіне алмайтын деңгейге түсіп кеттік. Біз бұған дейін отаршылдық саясаттың құрбаны болып келдік. Ал латын графикасын қолдану арқылы біз рухани, саяси дербестігімізді де нығайта түсер едік». Ал, филология ғылымының кандидаты Ғарифолла Әнестің пікірінше, орта білім беретін мектептерімізді түбегейлі реформалап алмай, латын графикасына көше алмаймыз.

***

«Казахстанская правда» басылымының жазуынша, кеше Алматыда үшінші медиақұрылтай аяқталды. Қазақстандық бұқаралық ақпарат құралдары нарығын дамытуға бағытталған, жыл сайын тұрақты түрде өтетін конференцияның басты тақырыбы - отандық БАҚ-тардың бәсекеге қабілеттілігі болды. «Пресса в зеркале прессы» деген тақырыппен жарияланған мақала авторының пікірінше, бүгінде қазақстандық медиа-нарық өте кең ауқымды. Онда мемлекеттік тілде шығатын басылымдармен қатар орыстілді басылымдар мен интернет-жарияланымдары, телерадиоарналар саны да аз емес. Сондай-ақ Ресей мен Қытайдың да басылымдары бар. Яғни, қалың көпшіліктің таңдау жасауына мүмкіндік мол. Яғни, елде қазір ақпарат құралдарының сапасы мен таралым мәселесі басты орынға шығып отыр.