ОРАЛ. ҚазАқпарат - Сырым аудандық соты төрт бірдей адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғасын жасаған жүргізушіге қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды.
БҚО сотының баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, сотталушы мас күйінде Шымкент-Самара жолының 1927-шақырымында ҚР жол қозғалысы ережесін өрескел бұзып, «Daimler Benz 0303 15r» ныспылы автобусының руліне ие бола алмай, аударылған. Соның салдарынан Өзбекстанның төрт азаматы алған жарақаттары салдарынан оқиға орнында көз жұмды.
Сырым ауданы прокуроры мен сотталушы арасында кінәсін мойындағаны жөнінде процессуалдық келісім жасалды.
Сот үкімімен жүргізуші ҚР ҚК 345-бабы 4-бөлімімен айыпты деп танылып, оған бес жыл бас бостандығынан айыру жазасын колония-қоныста өтеу белгіленді. Сондай-ақ жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Ғайсағали Сейтақ
1980 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтын (М. Өтемісұлы атындағы БҚУ) қазақ тілі мен әдебиеті мамандығы бойынша бітірген. Тасқала аудандық «Екпін» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі болды. Облыстық «Орал өңірі» газетінде тілшіліктен бас редакторлыққа дейінгі жолдан өтті. «Жайық Пресс» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары қызметін атқарды. 2000 жылдан бері Kazinform халықаралық ақпарат агенттігінің БҚО-дағы меншікті тілшісі. Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі. Республикалық «Жалын» журналы белгілеген Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың (1987) және спорт журналистері арасында Сейдахмет Бердіқұлов атындағы сыйлықтың лауреаты (2015). «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты (2024).