Самарқанның көк тасы еріген күн

СТАНА. Наурыздың 22-сі. ҚазАқпарат /Ризабек Нүсіпбекұлы/ - Жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілер шағында қытымыр қыстың қаһары қайтып, малдың аузы көкке, қора төлге толып, адам аузы аққа тиеді, күн мен түн теңеліп, табиғаттың барлығы гүлденіп, күллі дүние қайта түлеп, тіршілік біткен жанданып, жаңа бір өмір басталады. Міне, осындай мерейлі сәтте жаңалықтың жақсылықтың жаршысы - Наурыз мерекесі келеді.

Наурыз - қазақ халқының тұрмыс тіршілігінде, әдет-ғұрпында ерекше орын алатын, ертеден мерекеленіп келе жатқан әрқашанда қасиетті мейрам. Наурыз - парсы сөзі, қазақша айтқанда, «Жаңа күн» деген ұғымды білдіреді. Сондықтан Наурыз күнін ертедегі адамдар жаңа жылдың басы «Ұлыстың ұлы күні» деп есептеп, зор қуанышпен қарсы алған. Кешегі нәубет заманда тарыдай шашылған қазақ ұлты бүгін әлемнің 20-дан астам елінде түтінін түтетіп жатыр. «Ағайынның қадырын алыс кетсең білерсің» дегендей, шеттегі қандастарымыз салт-дәстүріміз бен ұлттық болымысымызды саф алтындай сақтап, көздерінің қарашығындай қорғап келеді. Соның ішінде Іле, Алтай, Тарбағатай, Баркөл өңірлерін мекендейтін Қытайдағы шоғырлы қазақ жұрты - қазақ мәдениетінің толығымен сақталған ортасы.

Қытай қазақтары наурызды жыл басы ретінде ерекше тойлап келеді. Наурыз күні әрбір шаңырақта үлкен шаттық орнайды. Қытай мемлекеті де оны арнайы мереке ретінде танып, әр жылы үш күн демалыс береді. Көктемгi «өлiара» өтiп, наурыз мерекесі жақындасымен, жұрт үй айналасын тазартып, үй-iшiн де қағып-сiлкiп әрбір отбасы Наурыз көже жасауға дайындалады. Білмейтін жас жеңгелеріміз үлкен адамдардан ақыл-кеңес сұрап, Наурыз көжеге не қосу керектігін сұрап жатады. Апаларымыз қысқы соғымның әбден сүрленген қадiрлi мүшелерiн осы күнi қазанға салады. Соғымға сойылған малдың басы немесе шекесі қосылып, қазы-қарта, жал-жая қазанға түседі. Ет сорпасына көже қайнатады. Оған тары, арпа, бидай, бұршақ, күріш сияқты жеті түрлі дән мен ақ қосады. Тұз бен суды қосқанда дәмнің саны тоғыз болуы тиіс. Түркі халқының ұғымында жеті мен тоғыз және қырық - аса киелі сандар. Сол себепті наурыз аса қасиетті тағам болып саналады. Оған қоса, ол - тоқшылық пен ырыс-құттың жоралғысы. Наурыз мерекесі жадыраған жазды қарсы алар көктемнің басы болғандықтан оны қазақтар «Самарқанның көк тасы еріген күн» деп те атайды. Бұл бүкіл табиғат ананың тоңы жібіп, жаны кіретін тіршілік басы дегенді білдіреді.

Қыс басында «соғым басын» бере алмаған отбасылар мұны кейде осы наурызға орайластырады. «Еске алсаң ескі асыңнан сақта», немесе «қыстың сүрін ұзын сары келгенде жейміз» дейтін қазақ жұрты ортаға ақсақалдарды алып, ұлттық киімдерін киіп, қыдырып көже ішеді. «Таспен атқанды аспен ат» демекші, бұл күнді халқымыз бірліктің бастауы деп білген. Өкпе-ренішті жандар татуласып, қауышып, бір-біріне ізгі тілек, ақ пейілдерін білдіріседі. Құт-берекенің белгісі ретінде ақ дастарқан жайылып, көпті көрген дана қарттарымыз елдің амандығын, жұрттың тынштығын тілеп, ақ батасын береді. Қытайда соңғы кездері басқа ұлт өкілдері де қазақтардың үйіне айтшылап кіретін дәстүр пайда болды. Қытай қазақтарының наурыз мерекесі қыдырып тамақ ішумен шектелмейді. Ауыл, аудан, аймақ болып той - думанға кіріседі. Радио-теледидар концерттік бағдарламаларын көрсетіп, үш күн бойы мереке мерейін асырады. Ауылдағы көнекөз қарттарымыз қасына немерелерін ертіп «Бұлақ көрсең көзін аш», «Атаңнан мал қалғанша тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек» деп балаларымен бірге тал егіп күйбеңдеп жүргенін көресіз. Кейбір жерлерде үлкендер жинала қалған ауылдың қара домалақ балаларын күрестіріп, бәйге беріп мәз болып жатады.

Бұл күні той-думан түнімен жалғасады. Кешкі тойдың ұйтқысы болған жастар наурыз түнін құр жіберіп көрген емес. «Тең-теңімен, тезек қабымен» дегендей осы орайлы сәтте замандастар бас қосып, өз әлінше ойын-сауық құрады. Айтысатындары айтысып, ән айтып, билейді. Өкінішке орай соңғы кездері кешкі бас қосуға жастар ішімдікті де араластыратын болып алды.

Наурыз мерекесінде Алтай, Тарбағатайдың таулы өңірлеріне орналасқан қазақтар ат бәйге, көкпар тарту, қыз қуу, палуан күрестіру тектес дабырамен үлкен той ретінде аталады. Тіпті елді мекеннен алыс таудың қусында мал бағып отырған жалғыз қара қостың да бұл күні шаңырағына шаттық ұялап, қазанында бүлкілдеп ет қайнайды. Бала-шағасы жақсы киімдерін киіп, отбасымен бірге ұлы күнді қарсы алады.

Еліміз егемендік алғалы мәдениетіміз жаңғырды. Наурыз ресми мереке ретінде тойланып келе жатқанына 20 жылдан асты. Наурыз мейрамы биылдан бастап түрік, парсы және кавказ халықтарында ғана емес, 200-ге тарта ел ұйысқан Біріккен Ұлттар ұйымының көлемінде дүбірлетіп аталып өтпек. БҰҰ Бас Ассамблеясы «Халықаралық Наурыз мерекесі» қарарын бірауыздан қабылдап, 21-інші наурыз күнін әлемдік мереке ретінде белгіледі. Әз Наурыз алғаш рет бір ұлттың немесе мәдениеттің мерекесі ретінде ғана емес, бүкіл адамзат мұрасының құрамдас бір бөлігі ретінде аталып өтетін болады. Әрине, бұл қуанарлық жағдай. Алайда бізде әлі де Наурыз мерекесіне шынайы сезім оянған жоқ. Қаланы айтпағанда, ауылдың өзінде әрбір отбасы жан дүниесімен ұлыстың ұлы күніне дайындала ма? Ауыл ақсақалдары ақ тілек айтысып, бір-біріне кіре ме? Наурыз мерекесі келгенде қала ортасында мекеме орындарға міндеттеп киіз үй тігеміз, ұлттық мұраларымызды жинап ілеміз. Шенді-шекпенділер осы үйде арнайы дайындалған көжеден ішіп, жіліктің майлы басын ұстап отырады, ал былайғы жұрт есіктен сығалаудан әрі ол жерге бас сұға алмайды. Бүгінгі жастардың жүрегінде Наурыз деген ұғым «тігілген киз үйлерді тамашалап, концерт көру» ғана секілді. Қытайдағы сол таудың бөктеріндегі жалғыз қара қостағы, наурыз мерекесі келгенде шаңырағына ұялаған шынайы шаттық сезімді еліміздегі қазақтар басынан кешіріп көрді ме екен?

Асылы, Наурыз ешкімнің міндеттеуінсіз әр қазақтың мақтаныш етер, үкілі үміті мен арман-тілегіне ұштасқан, әркімнің жүрегінен, ішкі сарайынан орын алған шынайы мерекеге айналуы тиіс. Сол үшін ұлыстың ұлы күнін ішкі жан жүрегімізбен сезініп, қадыр-қасиетін түсініп, ізгі ниетпен қарсы алуға тырысайық. Ұлыс оң болсын ағайын!