Сәмеке хан

Сәмеке хан, Шахмұхамед (туған жылы белгісіз – шамамен 1738 жылы қайтыс болған) – Орта жүздің ханы, Тәуке ханның баласы.

Сәмеке ханның ордасы Түркістанда болды. Ол наймандар мен қыпшақтардың кейбір руларына және арғындардың бір бөлігіне иелік етті. Ішкі саясатта Орта жүзді біріктіруге күш салды. Ал сыртқы саясатта жоңғарлар мен Орта Азия хандықтарының басқыншылық әрекеттеріне қарулы қарсылық көрсетуімен белгілі болды. Сыртқы және ішкі жаулармен күресте көршісі Ресейге арқа сүйеуге тырысты. 1731 жылы желтоқсанның 15-інде А.Тевкелевпен Ресеймен арадағы қарым-қатынасқа байланысты келіссөз жүргізді. Сәмеке Әбілқайыр ханмен күш біріктіріп, қазақ жерін қалмақтардан азат ету мақсатында Еділ бойындағы Кіші қалмақ ордасына 2 дүркін жорық жасады. Алғашқысында, яғни 1723 жылы желтоқсанның 12-інде Сәмеке мен Әбілқайырдың 40 мыңдық жасағы Аюке хан иелігіне басып кірді. Қолға түскен олжа ақтабанға ұшырап, аштық қысып жатқан елге үлестірілді. Ал екінші жорық 1726 жылдың жаз айында болды. Оған қазақ сұлтандары Барақ пен Есім де қатысты. Бұл кезде Кіші қалмақ ордасының ханы Аюкенің ұлы Серен Дондук 30 мың әскерімен қазақтарға тегеуірінді қарсылық көрсете алмады. 4 күнгі шайқастан кейін Серен Дондук хан бітімшарт жасауға мәжбүр болды. Бұл бітім бойынша сол жылғы бесіктегі бала ат жалын тартып мінгенше (16-17-ге толғанша) соғыспауға келісіп, екі жақ қанға қол матырысып, анттасты. Бұл екі жорық та қазақ жерін қалмақтардан босатуда зор стратегиялық маңызға ие. Жалпы Сәмеке хан жоңғар шапқыншылығына қарсы күресте қазақ халқының рухын көтеріп, болашаққа деген сенімін оятқан, әскери біліктілігімен танылған тұлға ретінде тарихта қалды. Дереккөзі: Қазақстан ұлттық энциклопедиясы, 7 том Қазақстан тарихы энциклопедиялық анықтамалығы