«Самұрық-Энерго» АҚ Қазақмыс компаниялар тобынан «Екібастұз МАЭС-1» стансасының 50 пайыздық үлесін сатып алды

АСТАНА. ҚазАқпарат - «Самұрық-Энерго» АҚ Қазақмыс компаниялар тобынан «Екібастұз МАЭС-1» (мемлекеттік аймақтық электр стансасы) ЖШС-ның 50 пайыздық үлесін, ал «Қазгидротехэнерго» ЖШС-ның 100 пайыздық үлесін сатып алды.

Бұл туралы бүгін ОКҚ-де өткен брифингте «Самұрық-Энерго» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл республикалық маңызы бар ірі электр стансаларының мемлекет қарамағына өткені деген сөз.

«Қатысу үлестерін сатып алу «Самұрық-Қазына» АҚ-тан ұзақмерзімді қарыз шарты бойынша берілген 200 млрд. теңге, сондай-ақ жарғылық қорға салынған 21 млрд. теңге мөлшеріндегі жарна қаражаты есебінен қаржыландырылды. Қарыз қаражаты ҚР Ұлттық қорынан 2028 жылы өтеу мерзімімен несиелеудің жеңілдетілген мөлшерлемесі бойынша берілді», - дейді А. Сәтқалиев.

Оның айтуынша, ендігі жерде бұл электр стансалары еліміздің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, тиімді қызмет ету арқылы ұлттық экономиканың дамуына ықпал етеді.

«2014 жылдың нәтижесі бойынша, осы активтерді сатып алу есебінен компания электр энергиясын өндіруді 2013 жылмен салыстырғанда 37 пайызға, яғни 26 772 млн. кВт/с-қа ұлғайтуды жоспарлап отыр», - деп атап өтті басқарма басшысы.

Айта кетейік, қазіргі уақытта «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС қуаты 3000 МВт-ты құрайды, ал жөндеу жұмыстарынан кейін оның жобалық қуаты 4000 МВт-қа дейін өспек.