20:11, 09 Сәуір 2009
Сандықтау ауданына жаңа әкім тағайындалды
КӨКШЕТАУ. Сәуірдің 9-ы. ҚазАқпарат /Жанмұрат Жанайдаров/ - Ақмола облысы әкімінің міндетін атқарушы Қадырхан Отаровтың өкімімен Қанат Сүйіндіков Сандықтау ауданының әкімі болып тағайындалды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Сандықтау аудандық Мәслихатының кезекті сессиясында Қадырхан Отаров аудан жаңа әкімі кандидатурасын ұсынды. Халық қалаулылары алдында оның өмірбаяны мен еңбек жолына тоқталып, лауазымды қызметтерді абыроймен атқарғанын тілге тиек етті. Сессияда аудандық Мәслихаттың депутаттары жаңа әкімнің кандидатурасын бірауыздан қолдап, дауыс бергеннен кейін сессия тиісті шешім қабылдады. Қанат Отызбайұлы 1959 жылы туған, Целиноград ауыл шаруашылығы институтында агроном, Қазақ мемлекеттік заң академиясында заңгер мамандығын меңгерген. Целиноград, Қорғалжын аудандарында агроном, Щучье ауданы әкімінің аппаратында, Есіл және Атбасар аудандары әкімінің орынбасары қызметтерін атқарған.