Осыдан ширек ғасыр бұрын аңсаған тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстан егемендіктің алғашқы сәттерінен мемлекеттің сыртқы саяси бағдары мәселесін күн тәртібіне қойды. Кеңестік кезеңде еліміз одақтық-республикалық бағыныстағы сыртқы істер министрлігі арқылы шет елдермен шектеулі ауқымда экономикалық және мәдени қарым-қатынас жасап келген болатын. Ал, өзге мемлекеттерде елшіліктер ұстау немесе олардың елшіліктерін қабылдау метрополия орталығы - Мәскеудің құзіретінде еді. Сондықтан да елдің халықаралық қатынастар субьектісі ретінде әлемдік қауымдастық тарапынан қабылдануы егемен Қазақстан алдында тұрған басым міндеттердің бірі-тін.
Біріккен Ұлттар Ұйымына мүше ретінде қабылдану тәуелсіз Қазақстанның халықаралық қатынас субъектілерімен сыртқы саяси және экономикалық байланыстарды жолға қою барысында жүзеге асырған ең алғашқы қадамы еді. Кеңестік кезеңде ұлттық республикалар ішінде тек Украина мен Белоруссия ғана аталмыш мәртебелі ұйымға мүше болатын. БҰҰ Бас ассамблеясы жұмысына Қазақстан өкілдері КСРО ресми делегациясының құрамында қатысатын, басқа да халықаралық ұйымдар қызметіне күн тәртібіндегі атаулы оқиғалар немесе мәдени шаралар ауқымында араласатын. Сондықтан да дипломатиялық тәжірибесі жеткіліксіз жас мемлекет халықаралық құқық қағидаттары мен нормаларын күнделікті жұмыс барысында игере отырып, уақыт өте өзіндік сыртқы саясат тұжырымдамасын қалыптастырды.
Тұжырымдаманың негізгі басымдықтары қатарында ашықтық, бейбітшілікті жақтау, тату көршілік, тең серіктестік, қарулы күшті бірінші болып қолданудан бас тарту, басқа елдердің ішкі істеріне араласпау аталып, ядролық қарусыз ел мәртебесі айқындалды. Сонымен қатар екіжақты және көпжақты келісімдер негізінде, сондай-ақ Біріккен Ұлттар Ұйымының және оның құрылымдарының шеңберінде қабылданған барлық халықаралық міндеттерді орындауға баса назар аударылды. Мұның өзі еліміздің халықаралық беделін көтеруге, экономикалық және саяси реформаларды табысты жүргізуге мүмкіндік беретін тетік саналып, қоғамдық өмірдің мемлекеттен тыс әрі дербес болуын, демократиялануын қамтамасыз етті.
Осы жалпыадамзаттық қағидаларды ұстану арқылы Қазақстан халықаралық сахнаға іргелі өркениеттік құндылықтарды, яғни нарық жүйесін, тату көршілік және күш қолданбау саясатын, жеке адамның құқықтары мен қадір-қасиетін, халықаралық нормалар басымдығын танитын қазіргі заманғы ел ретінде көтерілді.
Республикамыздың тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуында, оның негізгі сыртқы саяси қағидаттары мен құндылықтарын, басымдықтарын орнықтыруда тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев көрнекті рөл атқарды.
Қазақстан қазіргі әлемнің ірі мемлекеттерінің мүдделері астасып жатқан күрделі геосаяси кеңістікте орналасқан. Бұл жағдай мемлекет басшысынан саяси ерік-жігерді, ойластырылған, салмақты іс-әрекетті, салиқалы шешімдер мен шаралар қабылдауды талап етеді. Осы тұрғыдан алғанда Елбасымыз тарапынан ұсынылған еуразиялық идея ерекше мәнге ие. Бұл идея өркениет дамуының түйінді желілерінде мемлекеттердің жан-жақты ынтымақтастығы үшін кең геосаяси кеңістік құруды көздейді. Еуропа мен Азияны жалғастыратын тарихи әрі дәстүрлі көпір ретінде Қазақстан осы құрылықтар елдерімен өзінің экономикалық байланыстарын кеңейтуге мол мүмкіндіктер алды, мемлекет тәуелсіздігін қамтамасыз етудің шынайы негізі - көпвекторлы сыртқы саясатты қалыптастырды. Бүгінгі таңда Қазақстан халықаралық абырой-беделі жоғары ел ретінде дүниежүзілік ұйымдарда төрағалық ету құқығын бірнеше мәрте иеленіп отыр. Біз мұны мемлекетіміздің сара да дана жолы - көпжақты, көпқырлы сыртқы саясатпен орынды байланыстырамыз.