Саранның өрт сөндіру бөлімшесінің жанар-жағармай қоймасында болған өртте үш құтқарушы зардап шекті

САРАН. 28 мамыр. ҚазАқпарат - Қарағанды облысының Саран қаласында өрт сөндіру бөлімшесінің аумағында өрт болды, салдарынан үш қызметкер зардап шекті.

Бұл туралы Қарағанды облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен хабарлады.

«28 мамыр күні сағат 17:30-да Саран қаласындағы облыстық ТЖД-нің «Өрт сөндіру және апаттық-құтқару жұмыстарының қызметі» ММ 28-інші өрт сөндіру бөлімшесінің жанар-жағармай қоймасында бензин буының тұтануы болды. Жалын тілі 60 шаршы метр аумақты шарпыды», - атап өтті облыстық ІІД-нің баспасөз қызметінен.

Ведомствоның ақпаратынша, өрт кезінде қоймада үш қызметкер: бөлімше бастығының орынбасары және өрт сөндіру көліктеріне жанар-жағармай құюмен айналысқан екі жүргізуші болды.

«Оқиға салдарынан жүргізушілердің бірі 1-ші, 2-ші және 3-ші дәрежелі күйік жарақаттарын алып, ауруханаға жеткізілді. Қолына 2-ші дәрежелі күйік жарақатын алған бөлім бастығының орынбасары Х.Ж.Мақажанов атындағы облыстық клиниканың күйік жарақаттары бөліміне түсті. Он жақ қолын 1-ші және 2-ші дәрежелі күйік шалған екінші жүргізуші ауруханаға жатқызылған жоқ», - делінеді хабарламада.

Өрт кезекшілік қарауылдың көмегімен сағат 17:56-да сөндірілді. Алдын ала болжам бойынша, төтенше жағдай статикалық электр қуатынан бензин буының тұтануынан болды.

«Қазіргі кезде ішкі істер органдарының және облыстық ТЖД тергеу бөлімінің қызметкерлері өрт себептерін тергеумен айналысуда. Оған өрт сөндіру қызметі сынақ зертханасының мамандары жұмылдырылды», - деп атап өтілді хабарламада.