Дүниежүзілік метеорологиялық ұйым мәліметінше, оның осы жазда қалыптасу ықтималдығы 80 пайыз болып отыр, ал қараша айына дейін сақталу ықтималдығы 90 пайыздан асады.
Сарапшылардың ескертуінше, Эль-Ниньо жаһандық жылынуды күшейтіп, аптап ыстықтың, құрғақшылықтың, нөсер жауын-шашынның және өзге де қауіпті ауа райы құбылыстарының қаупін арттыруы мүмкін. Соңғы жылдардағы рекордтық жоғары температура аясында оның салдары бұрынғыдан да айқын сезілуі ықтимал.
Өзгерістердің негізгі себебі — Тынық мұхитының тропикалық бөлігіндегі судың қалыптан тыс жылынуы. Бақылау мұхит бетінің температурасы Эль-Ниньоға тән шекті деңгейге біртіндеп жақындап келе жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар мұхиттың терең қабаттарында айтарлықтай жылу қоры жинақталған. Ондағы температура қалыпты деңгейден шамамен алты градус Цельсийге жоғары, бұл мұхит бетінің одан әрі жылынуына ықпал етіп отыр.
Антониу Гутерриш Эль-Ниньоның дамуын шұғыл климаттық ескерту ретінде қарастыруға шақырды.
— Эль-Ниньо жағдайы планетаның жылыну үдерісін одан әрі күшейтеді, — деді ол бейнеүндеуінде.
Оның айтуынша, салдары бұрынғыдан да жылдам әрі кең ауқымда сезіледі. Сондықтан жаңартылатын энергия көздеріне көшуді жеделдету, халықтың ең осал топтарын қорғау және ерте ескерту жүйелерін дамыту қажет.
Эль-Ниньо деген не және неге қауіпті?
Эль-Ниньо — экваторлық Тынық мұхитының орталық және шығыс бөліктеріндегі беткі сулардың жылынуы салдарынан пайда болатын табиғи климаттық құбылыс. Әдетте ол екі-жеті жыл сайын қайталанып, шамамен бір жылға созылады. Алайда оның әсері Тынық мұхитынан әлдеқайда алыс өңірлерде де байқалады. Әлемнің көптеген бөлігінде температура режимі мен жауын-шашын сипаты өзгереді.
Селеста Сауло қазіргі жағдай ерекше дайындықты талап ететінін атап өтті.
— Құрғақшылық пен нөсер жауынды күшейтуі мүмкін, сондай-ақ құрлық пен мұхиттағы аптап ыстық қаупін арттыратын ықтимал күшті Эль-Ниньо құбылысына дайын болуымыз қажет, — деді ол.
Саулоның айтуынша, 2023–2024 жылдардағы Эль-Ниньо бақылау тарихындағы ең күшті бес құбылыстың қатарына енген және 2024 жылғы жаһандық рекордтық температуралардың негізгі факторларының бірі болған.
Әрбір Эль-Ниньо өзінше дамығанымен, оның белгілі бір ортақ салдары болады. Оңтүстік Американың оңтүстігінде, АҚШ-тың оңтүстігінде, Африка мүйісінің кейбір бөліктерінде және Орталық Азияда жауын-шашын мөлшері көбейеді. Ал Орталық Америка, Оңтүстік Американың солтүстігі, Кариб бассейні елдері, Аустралия, Индонезия және Оңтүстік Азияның кейбір өңірлері көбіне құрғақшылыққа тап болады.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның маусымдық болжамы тағы бір алаңдатарлық үрдісті көрсетті: маусым мен тамыз аралығында әлемнің дерлік барлық өңірінде ауа температурасы қалыпты деңгейден жоғары болады деп күтілуде. Бұл ыстықтың адам денсаулығына әсерін күшейтіп, құрғақшылықтың дамуын жеделдетуі және нөсер жауын, су тасқындары мен ұзаққа созылатын аптап кезеңдері сияқты экстремалды ауа райы құбылыстарының ықтималдығын арттыруы мүмкін.
Сонымен қатар ғалымдар климаттың өзгеруі Эль-Ниньоны жиілетеді немесе күшейтеді деген нақты дәлел жоқ екенін атап өтеді. Алайда жаһандық жылыну оның салдарын ауырлата түсуі мүмкін. Өйткені мұхит пен атмосфераның жылынуы экстремалды ауа райының қалыптасуына қосымша жағдай жасайды.
Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымның бағалауынша, заманауи маусымдық болжамдар мемлекеттерге ауыл шаруашылығын, су ресурстарын қорғаудан бастап гуманитарлық дағдарыстардың алдын алуға дейінгі шараларды алдын ала жоспарлауға мүмкіндік береді. Сарапшылардың пікірінше, дәл қазір әрекет ететін уақыт келді, себебі салдар қайтымсыз сипат алғаннан кейін қабылданған шешімдер кеш болуы мүмкін.
Айта кетелік әлем бойынша жаһандық жылынудың әсері күшейіп келеді. Мамандардың болжамынша, биыл Қазақстанның өзінде кей өңірлерде ауа температурасы 46 градусқа дейін жетуі мүмкін екенін жазған едік.