«ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Николай Ивченко мұндай үрдіс қазір Украинада, Ресейде және Қазақстанда белсенді жүріп жатыр деп атап өтті.
«ТМД елдерінде - Ресей, Украина, Қазақстанда банктерді шоғырландыру және олардың санын қысқарту үрдісі белең алды. Дағдарысқа дейін банктердің саны бұл елдерде тым көп болғанға ұқсайды. Дағдарыстан кейін, оңтайландыру жүруде, бірігу және бірін-бірі жұтып кету үрдісі орын алуда. Шетелдік инвесторлар белсенді келе бастады. Өз акционерлеріне ақша ағымын көбірек тарта алатын мықты банктер ғана қалуда. Барлықтары үнемді бола бастады, кірісті көбейтуге мақсат қойып отыр. Ал коммерциялық банктердің бірігуі акционерлерге қосымша пайда әкелмек. Меніңше, бұл үрдіс алдағы 4-5 жылда әлі жалғасын табады», - деп түсіндірді Николай Ивченко.
Оның айтуынша, кірісті молайту керек, бірақ банктердің несие портфельдері баяу өсуде. Оған банктерді ірілендіру, яғни көлемін арттыру арқылы қаражат үнемдеуге қол жеткізуге болады.
«Дегенмен, меніңше, мұнда мәселе банктердің инвестициялар мен экономикаға үлес қосу тұрғысынан толымды болуы қажеттілігіне келіп тіреліп тұр. Банк бизнестің дамуына үлес қосуы керек. Егер банк тұтынушылар несиелерінен көбірек табыс табатын болса, оның мемлекет экономикасына қосатын үлесі азаяды. Банктердің елдегі өнеркәсіптік саясатын дамытуда рөлі жоғары. Егер банк ірі болса, оны толымды деп атауға болады», - деп толықтырды сарапшы.
Еске сала кетейік, еліміздің ең ірі Qazkom мен Halyk банктері бірігетіндерін мәлім етті. Forbes.kz сайтына берген сұхбатында Халық банк басшысы Үміт Шаяхметова банктің сатып алынатынын хабарлады.
Сонымен қатар Цеснабанк пен ЦентрКредитБанкі өзара бірігу жөнінде келіссөздерді бастап кетті. Кореяның Kookmin банкі ЦентрКредитБанкінің 41,93% акциясын Цеснабанкке сататынын жария етті.