«Бірнеше жыл бұрын корпоративтік табыс салығының бір бөлігі республикалық бюджетте емес, жергілікті бюджеттерде қалатын болып шешілген. Соның арқасында әкімдер шағын және орта бизнесті дамытуға мүдделі болды. Осының арқасында бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығының көлемі ұлғайды», - дейді сарапшы.
Юрий Масанов орталықсыздандыру үдерісі жалғаса беру керек деп есептейді. Мемлекет басшысының жергілікті қазынаға салықтан кіретін түсімнің мөлшерін ұлғайту бастамасы да сол мақсатқа сай.
«Әкімдіктер жергілікті бизнестің дамуына бұрынғыдан да мүдделі бола түседі. Өйткені, салықтан түсетін кіріс көбейеді. Қазір әкімдерге орталықтан бюджет қаражатын бөлгізу оңай емес. Тіпті, трансферт бөлгізген күннің өзінде ол өзекті деген мәселелерді шешуге жеткілікті болмауы мүмкін. Енді бұл ахуал өзгереді. Жергілікті мәселелерді шешуге қажетті ақшаның қалай жиналатыны әкімдердің өздеріне байланысты болады», - дейді экономика шолушысы.
Сондай-ақ, ол бүгінгідей күрделі кезеңде бөлінген ақшаның игерілмеуі дейтін мәселенің бар екенін еске салды.
«БАҚ-тағы жаңалықтарды оқысаңыз, бюджетті жақсы игерген және дұрыс игермеген органдар мен өңірлердің тізімі жүреді. Бұл жерде шенеуніктердің жауапкершілігін ешкім жоққа шығармайды. Нәтижелерді басқару моделі бюджетті неғұрлым сарқып игеруге итермелейді. Олай болмаса келер жылы ақша берілмей қалуы мүмкін. Бұл мемлекеттік органдар мен әкімдіктер жұмысының тиімділігін бағалайтын шынайы коэффиценттер енгізу керектігін көрсетеді. Жолдауда айтылған бастамалар осы бағытты нұсқап тұр. Соның арқасында сыбайлас жемқорлық та қысқарады. Заңды табысың жұмысыңның нәтижесіне байланысты өсіп отырса, бюджетке қол сұғудың қажеті қанша», - дейді Юрий Масанов.