Сарапшылар саяси партияларға әлеуметтік желілерді игеруге кеңес беруде

АСТАНА. ҚазАқпарат - Сарапшылар ҚР Парламенті Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы қарсаңында саяси партияларға әлеуметтік желілерді игеруге кеңес беруде.

«Саяси PR - сайлауалды науқанның ең басты құралдарының бірі. Саяси партияларға онлайн-технологияларды, интернет-технологияларды игеруді белсенді жүргізіп, краудсорсинг арқылы, өздерінің сайлауалды платформаларын құрулары тиіс»,- деп атап өтті Еуразия ұлттық университетінің доценті Қанат Әуесбай «Парламенттік сайлау-2016: жаңа мақсаттар мен мүмкіндіктер» атты дөңгелек үстелде.

Өз кезегінде саясаттанушы Жарқын Жұмаділов әлеуметтік желілер жаңа идеяларды талқылаудың, әлеуметтік топтардың мүддесін алға жылжытудың басты құралы бола алады деп есептейді.