«Сарыарқа» ӘКК» ҰК» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы кепілге босатылуы мүмкін

ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - Қарағандыда«Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әбілда тұтқыннан кепілге босатылуы мүмкін, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.

«Қарағанды қ. Қазыбек би аудандық сотының 2015 жылғы 18 мамырдағы қаулысымен Т. Әбілданы қамаққа ұстау мерзімін 3 айға дейін ұзарту жайлы сот алды тергеу органының қолдаухатын қанағаттандырудан бас тартылды. Осы қаулымен оған қатысты бұлтартпау шарасы кепілге босатуға өзгертілді», - деді Қазыбек би аудандық сотының баспасөз хатшысы Әлия Жошева.

Оның айтуынша, кепілге құны 11 млн. теңге тұратын 2011 жылы шыққан Toyota Land Cruiser 200 маркалы көлік қойылды.

«Қаулы заңды күшіне енген жоқ, оған прокуратура наразылық білдіре алады», - деп қосты Ә. Жошева.

Бұдан бұрын хабарланғандай, «Сарыарқа» ҰК» АҚ бұрынғы төрағасы Т. Әбілда сот санкциясымен наурызда екі ай мерзімге тұтқындалған. Оған ҚР ҚК 176-бабы 4-бөлімі «б» тармағы (сеніп тапсырылған ірі көлемдегі бөтен мүлікті иелену немесе жұмсау) бойынша сыбайлас жемқорлық қылмыс жасады деген күдік тағылды.

44 жастағы Т. Әбілда 2012-2014 жж. «Сарыарқа» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы болды. Оның алдында Қарағанды облысы әкімінің ауыл шаруашылығы және халықты әлеуметтік қорғау бойынша орынбасары, Қарағанды әкімінің экономика, кәсіпкерлікті, өнеркәсіпті және ауыл шаруашылығын дамыту мәселелері бойынша орынбасары болған. Оның алдында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ, «Қазатомпром» АҚ-да қызмет еткен.