11:51, 25 Қазан 2013
«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағына 300 млрд. теңге инвестиция тартылады деп күтілуде - Б. Әбдішев
АСТАНА. 25 қазан. ҚазАқпарат - «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағында нысандар құрылысының белсенді кезеңі алдағы жылға жоспарланып отыр. Бұл туралы бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Қарағанды облысының әкімі Бауыржан Әбдішев мәлім етті.
«2011 жылы «Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы құрылған болатын. Оның жалпы аумағы 500 гектардан астам жерді алып жатыр. Арнайы экономикалық аймағы жұмысының салалық басымдықтары толығымен біздің экономиканың базалық салаларына негізделген. Бүгінде 33 қатысушы тіркелді. Инфрақұрылымның құрылысы аяқталуға жақындады»,-деді әкім. Оның сөзіне қарағанда, жобаны жүзеге асыру бағытында инвесторлар тарапынан 3 млрд. теңге көлемінде қаржы салынды. «Нысандар құрылысының белсенді кезеңі мен өнім шығару алдағы жылға жоспарланып отыр. 2020 жылға қарай бұл аймақта 5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады, сондай-ақ 300 млрд. теңге инвестиция тартылады деп күтілуде»,-деді. Б. Әбдішев.