Жиынға сонымен қатар Жезқазған қаласының әкімі Қайрат Шайжанов, Сәтбаев қаласының әкімі Мұрат Бөрібаев қатысты.
— Кездесуде жұмыскерлердің талабы талқыланды. Жиын қорытындысында «13-ші жалақыға» 30 пайыз мөлшерінде үстемеақы қосу туралы талапты қанағаттандыру туралы шешім қабылданды, — делінген хабарламада.
Жалақыға келетін болсақ, жұмыс беруші 2025 жылдың 1 қаңтарынан бастап жалақыны көтерудің екі нұсқасын ұсынды:
1-нұсқа: жалақы мөлшерін қосымша 8,5%-ға ұлғайту, өндірістік жоспарды орындағаны үшін қосымша 50 АЕК мөлшерінде төрт тоқсандық сыйлықақы (2025 жылы — тоқсан сайын 196 мың теңге);
2-нұсқа: Жалақыны 15,6%-ға индекстеу.
Келіссөз барысында Н.Нуриев жалақының күрт әрі негізсіз ұлғаюы түптің түбінде компанияның бірқатар кеніштерінің бәсекеге қабілеттілігін жойып, консервациялануына әкелетініне, салдарынан жұмыс орындарының жабылуына әкеліп соқтыратынын атап өтті.
Сондай-ақ, ұсыныстарды түсіндіру үшін жұмыс орындарында, оның ішінде шахталарда жұмысшылармен тікелей кездесу ұйымдастырылды.
— 2024 жыл 19 желтоқсан сағат 09:00–дегі жағдай бойынша, келіссөз жалғасуда. Компания барлық жұмыскерлерді ыстық тамақпен қамтамасыз етуде. «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС қалыптасқан жағдайды тезірек шешу үшін оң қадамдарды жүзеге асыруды жалғастыруда, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Еңбекмині Қазақмыс жұмыскерлерін еңбек дауын құқықтық алаңда реттеуге шақырғаны хабарланды.