Сатушыға тапанша кезеніп, қорқытқан екі ер адам арақ пен басытқы алып кетті

ӨСКЕМЕН. 29 қазан. ҚазАқпарат - Семей қаласының полицейлері азық-түлік сататын дүкенге қарақшылық шабуыл жасаған екі ер адамды қылмыстың ізін суытпай ұстады,

деп хабарлады Шығыс Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметінен.

«Вальтер» маркалы тапаншамен сатушыны қорқытқан олар 2 бөтелке арақ, 2 бөтелке сыра, 2 қорап темекі, бір таяқша шұжық пен ірімшіктің түйірін әкеткен. Олар кеткеннен соң есін жиған сатушы полицияға хабар берген.

Жедел әрекеттердің арқасында полиция қарақшыларды ұстады. Олар 39 және 36 жастағы екі жергілікті тұрғын болып шықты. Бұған дейін бірнеше рет қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Ұрланған заттар мен тапанша тәркіленді.

Қазіргі уақытта күдіктілердің екеуі де медициналық айықтырғышта, олар уақытша ұстау оқшаулығышына қамалады. Қылмыстық іс қозғалды.