Былтырғы жылдың аяғына таман арнайы заң қабылданып, нәтижесінде биылдан бастап акциз ставкасы күштілігі зор алкогольдің литріне - 1000 теңге болса, 2015 жылы - 1200 теңге, 2016 жылы - 1600 теңге шамасында қарастырылып отыр. Осыған орай, алкоголь өніміне төменгі бөлшек саудадағы бағаны жоғарылатуды қарастыратын Үкімет қаулысы да қабылданды. Оған сәйкес күштілігі жоғары ликер-арақ өнімдеріне ең төменгі баға 2014 жылы литріне - 1120 теңгені, 2015 жылы - 1300 теңгені, 2016 жылы - 1600 теңгені құрайтын болады. Бұл ғана емес, ендігіде спиртті ішімдікті сату орындары мен уақытын шектеу, сату қағидаларын ықшамдау мақсатында қолданыстағы заң нормалары өзгертілетін болады. Дәл осы мақсатты көздейтін заң жобасы жақында Мәжілісте таныстырылған еді.
Қаржы вице-министрі Ардақ Теңгебаевтың айтуына қарағанда, заң жобасы алкоголь тұтынуды азайтуға, осы бағыттағы заңнаманы қатаңдатуға, алкоголь өнімінің көлеңкелі айналымын қысқартуға, заңнаманың жекелеген нормаларын жетілдіруге бағытталған.
«Бүгінгі таңда қолданыстағы заңнама бойынша базарларда, көтерме сауда базарларында, дүңгіршіктерде, шатырларда, ларектерде, қолдан, жаймалардан, автомашиналардан, сондай-ақ өзге де белгiленбеген орындарда алкоголь өнімін өткізуге тыйым салынғаны белгілі. Ал жаңа заң жобасымен алкоголь ішімдіктерін сатуға тыйым салынатын орындар тізімі кеңейтіледі, олардың қатарында денсаулық сақтау, білім беру, балалар мекемелерінің ғимараттарында, дене шынықтыру-сауықтыру, спорт және спорттық-техникалық құрылыстар, стадиондарда, сонымен қатар автожанармай құю станциялары белгіленіп отыр», - дейді Ардақ Теңгебаев.
Бұдан бөлек, алкоголь өнімін сату уақытын шектеу һәм тыйым салу уақытын ұзарту мәселесі де өзгеріске ұшырайды. Заң қабылданса, тыйым салуды кешкі сағат 21-ден келесі күнгі сағат 12-ге дейін белгілеу көзделіп отыр. Қаржы вице-министрінің сөзіне қарағанда, спиртті ішімдіктерді сатуға уақыт бойынша шектеу көптеген елдерде бар әрі тәжірибеде тиімділік танытып та үлгерген. «Жалпы, көптеген зерттеулер көрсеткендей, алкоголь тұтыну дүкендердің жұмыс уақыты ұлғайғанда ел арасында ішімдік ішушілер саны өседі және жұмыс уақыты азайғанда бұл көрсеткіш төмендейді. Мәселен, бір ғана Швецияда сенбі күндері арақ дүкендерін жабудан кейін маскүнемдік үшін қамау саны 10 пайызға төмендеген. Осыған ұқсас нәтижелер Норвегия мен Финляндияда болған», - дейді Ардақ Теңгебаев. Айта кетерлігі, аталмыш өзгерістер тек күштілігі 30 градустан жоғары спиртті ішімдіктерді сату уақытын қысқартуға қатысты болып табылады және күштілігі 30 градустан төмен басқа да алкоголь ішімдіктеріне тыйым салу бұрынғыша түнгі сағат 23-тен таңертеңгі сағат 8-ге дейін қала береді. Дегенмен, заң жобасында қарастырылған мұндай шектеулер жұмыс және демалыс күндеріне бөлінбейді, сондай-ақ мейрамханаларға, барлар мен кафелерге қолданылмайды.
Заң жобасындағы тағы бір тың жаңалық «балалар мекемелерiнде, білім беру ұйымдарында және оларға iргелес «100 метр» радиустағы аумақтарында алкоголь сатуға тыйым салу» туралы қолданыстағы норма алынып тасталады. Қолданыстағы заңнамада аталған норма негізінен балаларды алкоголь өнімінің қаупінен сақтау үшін енгізілген болатын. Ал сарапшылардың пікірінше, шындығында бұл норма мәселені шешпеді. Қазіргі статистика да мұны айғақтайды, мәселен соңғы жылдары елімізде спиртті ішімдікке құмарлық диагнозімен 3 473 кәмелет жасқа толмаған бала тіркелген болса, соның 589 -ы 15 жасқа толмағандар.
«Аталған норма тәжірибеде өзін ақтамай отыр. Айталық, тура осы заңға келсек, кәсіпкерлер 100 метрлік тыйымды сақтап, 101-і метр өткеннен кейін-ақ сөрелерге алкоголь өнімін жайната береді. Сосын салыстырма ретінде алып қарасақ, біз 100 метр аумағында алкогольге тыйым салынғанымен, залалы осыған ұқсас темекі бұйымдарын, энергетикалық сусындарды сатуға, компьютерлік клубтарды ашуға және өсіп келе жатқан ұрпаққа кері әсер ететін басқа салаларға тыйым салынбаған», - дейді Қаржы вице-министрі. Оның айтуынша, бұндай тыйым салу бизнес жүргізуге де кедергі болып табылады. Мысалға, қазіргі күні елді мекендерде жаппай білім беру объектілерінің құрылыстары жүргізіліп жатыр. Шағын аудандарда жаңа мектептер, мектепке дейінгі мекемелер мен шағын орталықтар пайда болса, одан бұрын іске кіріскен жеке кәсіпкерлік субъектілерінің едәуір бөлігі заң жүзінде тыйым салынған 100 метрлік аймақта қалып қойып та жатыр. «Дәл осындай себеппен, 2012 жылы 136 субъект, 2013 жылы 163 субъект жауапқа тартылған. Бұндай жағдайларда кәсіпкерлер өз еріктерінен тыс заң бұзушы болып шыға келеді және осындай жағдайлар кәсіпкерлердің ортасында жағдайды ұшықтыруы мүмкін», - дейді Ардақ Теңгебаев.
Сөйтіп, қаржы министрлігі шектеу салынған «100 метрлік аумақты» алып тастап, оның есесіне балаларға алкоголь өнімін саудалағандарға айыппұлды еселей түсуді ұсынады. Айта кетерлігі, бұндай айыппұл қолданыстағы заңнамада да бар. Алайда, оның мөлшері тым төмен әрі әкімшілік жаза да жеңілірек. Атап айтқанда, қолданыстағы заңға сәйкес, 21 жасқа дейінгі балаларға алкоголь өнімдерін сатқаны үшін жеке тұлғаларға 5 айлық есептік көрсеткіш, шағын және орта кәсіпкерлерге - 40 айлық-есептік көрсеткіш айыппұл салынады немесе қызметтік лицензиясы тоқтатылады. 21 жасқа дейінгі жасөспірімдерге сатуға тыйымның болғанына қарамастан, ондай фактілер азаймаған. Айталық, 2011 жылы спирттік ішімдіктерді 21 жасқа толмаған адамдарға сатудың 1 894 фактісі тіркелсе, 2012 жылы 1 925, ал 2013 жылы 2 108 фактісі анықталған.
«Сондықтан алкоголь өнімдерін 21 жасқа толмаған адамдарға сатқаны үшін айыппұл мөлшерін екі есеге көбейту жолдарымен санкцияларды қатаңдату ұсынылады. Сонымен қатар, лицензияның қолданылуын тоқтата тұру және қайталанған жағдайда одан айыру санкциясы күшінде қала береді», - дейді Қаржы вице-министрі.
Заң жобасындағы және бір бағыт алкоголь нарығындағы «көлеңкелі» экономикаға жол бермеу. Бұл ретте Қаржы министрлігі көтерме және бөлшек саудада алкогольдік өнімдерді сатуды жүзеге асыратын субъектілерге жыл сайынғы лицензиялық алымның сомасын белгілеп, этил спирті мен алкоголь өнімін өндірушілер үшін лицензиялық алымның сомасын көбейтуді ұсынып отыр. «Қазақстанда алкоголь өнімдерін 46 мыңнан аса бөлшек және 1,5 мыңнан көтерме саудада сататын объектілер бар. Алайда, олардың басым бөлігі, тіпті көпшілігі өздерін «шығынды», «залалды» кәсіпорын ретінде көрсеткісі келеді. Айталық, 2012 жылдың қорытындысы бойынша лицензиясы бар субъектілердің үштен бірі алкоголь сатып алмайтынын көрсетсе, және үштен бірі алкоголь өнімін күніне бір литрден аз сататынын алға тартқан. Менің ойымша, бұл шындыққа еш жанаспайды», - дейді Ардақ Теңгебаев.
Бұдан басқа, көтерме саудамен айналысатындардың алкоголь өнімдерін сатуына жүргізілген талдау да біршама кері көрсеткіштерге сеп болған. Мәселен, 1,5 мың көтерме сатушылардың 241-і (16 %) өздерінің залал шегетінін көрсетсе, 359-і (23,9 %) - қызметін жүзеге асырмайтынын алға тартқан.
«Бұл да шындықтан алшақ. Сондықтан да, сөзсіз бұл сала реттеуді талап етеді және бірқатар нормаларды енгізу субъектілердің санын оңтайландыруға мүмкіндіктер туғызады», - дейді вице-министр. Түптеп келгенде, министрлік алдағы уақытта лицензиялық алымды көтерме сауда үшін - 200 айлық есептік көрсеткіш есебінде және жылына - 370 мың 400 теңге, айына 30 мың 866 теңге шамасында белгілеуді ұсынады. Сонымен қатар, бөлшек саудада алымның ставкілері әкімшілік-аумақтық бөліністерге байланысты сараланады. Мәселен, Астанада, республикалық және облыстық маңызы бар қалаларда бұл - 100 айлық есептік көрсеткіш және жылына - 185 мың 200 теңге, айына 15 мың 433 теңге болса, қалаларда, аудандық маңызы бар қалаларда және кенттерде - 70 АЕК, жылына - 129 мың 640 теңге, айына 10 мың 803 теңге, ал ауылдық елді мекендерде - 30 АЕК, жылына - 55 мың 560 теңге, айына 4 мың 630 теңге болып есептеліп отыр. «Мұндай жыл сайынғы лицензиялық алым төлеу еуропалық елдерде, сонымен қатар Ресей мен Украинада бар. Қазақстанда осыған ұқсас лицензиялық алым жыл сайын ойын бизнесі саласында қызметін жүзеге асыратын субъектілерден алынады. Сонымен бірге, лицензиялық алым сомасын көбейту өндірушілер үшін лицензиялық алымның ставкісін арттыруға да әкеп соғады. Қазіргі уақытта бұл бар болғаны 500 айлық есептік көрсеткішті құрайды, біз оны 3000 АЕК-ке көбейтуді болжап отырмыз. Мұндай шара сапалы өнім шығаруға ынталандырып қана қоймай, өндірушінің жеткілікті қаржылық мүмкіншілігі болуын да қарастырады», - дейді А. Теңгебаев.
«Заң жобасының қабылдануы құқықтық және әлеуметтік-экономикалық салдарларға әкеп соқтырмайды, керісінше, алкоголь тұтынуды төмендету нәтижесінде отандастарымыздың өмірін ұзартуға және өмір сүру сапасын көтеруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ құқықтық жағынан алкоголь нарығы саласындағы мемлекеттік реттеу механизмдерін жетілдіруді және бақылаудың инновациялық әдістерін енгізу арқылы мемлекеттік бақылауды күшейтуді қамтамасыз етеді», - дейді вице-министр.
Әзірше, мәжілісмендер заң жобасымен тек танысып, палатада тұсаукесерін ғана өткізіп тарқасты. Соның өзінде аталмыш заң жобасына бірқатар қайшы пікірдің болғаны белгілі. Ендеше, Парламенттегі талқылаулар заң жобасының тігісін жатқызып, тиімділігін арттыра түссе игі.