Сәуір айының басынан алматылық жаяу шеру бастау алады

АЛМАТЫ. Наурыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда сәуір айының 3-і мен 4-і аралығында спорттық туризмді дәріптеуге және ТМД елдері арасында туристік ұжымдар достастығын нығайту мақсатына бағытталған жаяу шеру (марш-брасок) жарысы өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Алматы қалалық туристік клубының ұйымдастыруымен өтетін жаяу шеруде қатысушылар екі күн бойы күні-түні ұзақ шақырымды жер жүреді. Сондықтан ұйымдастырушылар жергілікті жерді бағдарлап білгені жөн дейді. Старттан мәреге дейін 70 шақырымды құрайды. Оларға арнайы карта берілетін болады.

Жаяу шерудің бірінші кезеңі 2009 жылы көктемде өткен болатын. Жарыс Алматы қаласының шығысына қарай орналасқан 150 шақырымдық жердегі Боғуты ауылының аймағында өтті. Оған 48 адам қатысып, мәреге барлығы жетті. Ал 2009 жылдың күзінде Алатау шатқалында күзгі жаяу шеру этапы өтті. Оған өз елімізбен қатар Ресей, Қырғызстан елдерінен қатысушылар қатысқан болатын.

"Алматылық жаяу шеру биыл үшінші рет өтеді. Бұл әзірге өте жас шара, дегенмен оған деген қызығушылық артып келеді. Жарысқа қатысушылардың саны жылдан-жылға көбейіп, бұл шара дәстүрге айналады деген үміттемін", дейді акцияны ұйымдастырушылардың бірі, Алматы қалалық туристік клубының мүшесі Соня Ржаницына.

Жарысқа кез-келген құрамдағы командалар қатыса алады. Қатысушылар саны шектеусіз.