«Саясаттану» пәнін алып тастамағанымыз дұрыс болды - «Нұр Отан» партиясының хатшысы Е.Карин

АСТАНА. 11 қыркүйек. ҚазАқпарат - Бүгін жоғары білім беру саласында саясаттану пәнін баршаға бірдей оқытудың арқасында бүгінгі жастар елде болып жатқан саяси-қоғамдық құбылыстарға объективті көзқараспен қарайды.

Бұл туралы бүгін «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыруы саласындағы саясаттану ғылымының өзекті мәселелері» тақырыбындағы республикалық конференцияда «Нұр Отан» партиясының хатшысы, саясаттанушы Ерлан Карин айтты.

«Жаңылмасам, осыдан бір-екі жыл бұрын жоғары оқу орындарының бірінші-екінші курстарында саясаттану пәнін алып тастау қажет деген пікір болған. Соңғы кезде болған оқиғаларды ескерсек, ол бастама іске асқанда, үлкен қателік болатын еді», - деді Е.Карин.

Саясаттанушы маманның айтуынша, бүгінде аталған пәнді жоғары білім саласында бірінші курстан бастап баршаға бірдей оқытудың арқасында бүгінгі жастар елде болып жатқан саяси-қоғамдық құбылыстарға объективті көзқараспен қарап, дұрыс шешім қабылдай алады.