Саясаттанушы: Қазақстан мен Қытай мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестіктің жаңа кезеңіне өтті

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қытайға сапарының саяси және экономикалық маңызы туралы ҚР ҒЖБМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының Салыстырмалы саяси зерттеулер орталығының жетекшісі Айдар Әмребаев Kazinform агенттігіне берген сұхбатында айтты.

Фото: Айдар Әмребаевтің жеке мұрағатынан

Мемлекет басшысының Шанхайға жұмыс сапары саяси әрі экономикалық тұрғыдан мазмұнды өтті. Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР Төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөздер жүргізіп, оның қорытындысы бойынша 2027–2030 жылдарға арналған сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасы мен Жол картасына қол қойылды.

Сапардың негізгі оқиғаларының бірі – Президенттің Жасанды интеллект жөніндегі дүниежүзілік конференцияға қатысуы болды. Онда Қазақстан жаһандық деңгейдегі бірқатар бастама көтерді. Атап айтқанда, Жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастық жөніндегі дүниежүзілік ұйым құру, «Қазақстан–Қытай цифрлық көпірі» жобасын іске қосу және жаңа ұйымның алғашқы отырысын Астанада өткізу ұсынылды. Сонымен қатар, форум аясында Мемлекет басшысы Тайланд пен Камбоджа басшыларымен кездесіп, сауда-экономикалық байланыстарды кеңейту тақырыбын және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты талқылады.

– Мемлекет басшысы бұл сапарды екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықтың 30 жылдығына орай қатынастардың жаңа кезеңі деп атады. Сіздіңше, оның ең маңызды саяси нәтижесі қандай болды?

– Менің ойымша, ең маңызды нәтиже – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәңгілік жан-жақты стратегиялық әріптестікті іске асыру жөніндегі Жол картасына қол қойылуы. «Мәңгілік жан-жақты әріптестік» ұғымының өзі бұл қатынастардың ұзақ мерзімді сипатын және бірнеше бағыт бойынша қатар дамытуға ұмтылысты білдіреді.

Қазақстан үшін маңыздысы – ынтымақтастықты барынша еліміздің даму басымдықтарына сәйкес келетін салаларға бағыттау. Олар – жасанды интеллект, цифрландыру, машина жасау, көлік және логистика. Бұлар сырттан таңылған жоспарлар емес, Қазақстанның ішкі даму міндеттерін жүзеге асыруға бағытталған жұмыс.

Кейде Қазақстан Қытайдың күн тәртібімен ғана жүріп келеді деген пікір айтылады. Мен мұнымен келіспеймін. Керісінше, Қытаймен ынтымақтастықты кеңейту Қазақстанға экономиканы әртараптандыру жөніндегі өз стратегиясын іске асыруға қосымша мүмкіндік береді.

Бұрын еліміз негізінен шикізат жеткізуші саналса, бүгінде біз жоғары технологияларға, сапалы экологиялық ортаға, цифрлық трансформацияға және қосылған құны жоғары өнім шығаруға бағытталған «орта держава» экономикасын қалыптастырып келеміз.

– Бұл сапар Қазақстанның Қытаймен қарым-қатынасындағы рөлінің өзгергенін көрсетті деуге бола ма?

– Әрине. Бұл жерде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың халықаралық беделінің маңызы зор.

Ол – кәсіби дипломат, Қытайды, қытай тілін, мәдениеті мен менталитетін жақсы біледі. Бұл екі мемлекет арасындағы өзара іс-қимылды едәуір жеңілдетеді.

«Орталық Азия Қытай» форматында біздің Президент көбіне диалогтың модераторы ретінде әрекет етуі де кездейсоқ емес. Іс жүзінде Қазақстан Қытай мен Орталық Азия мемлекеттері арасындағы үйлестіруші орталыққа айналып отыр.

Осындай рөлді еліміз «Орталық Азия АҚШ» форматында да атқарады. Бұл Қазақстанның және оның көшбасшысының халықаралық беделі артып келе жатқанын көрсетеді.

– Сапардың басты құжаттарының бірі – Қазақстан мен Қытай арасындағы келісімдерді іске асыру жөніндегі Жол картасы болды. Оның іс жүзіндегі маңызы қандай? Бұл құжат Қазақстан экономикасы үшін қандай мүмкіндіктер ашады?

– Кез келген Жол картасы саяси уағдаластықтарды нақты іске асыру тетіктеріне айналдыруымен құнды.

Сапар барысында жалпы құны 15 миллиард АҚШ долларынан асатын 70-тен астам келісімге қол қойылды. Олардың барлығы Қазақстан экономикасын жаңғырту үшін аса маңызды салаларды қамтиды.

Мұндай құжаттар тек декларациямен шектелмей, нақты қадамдарды, жобаларды іске асыру тетіктерін және тараптардың міндеттемелерін айқындайды.

Қазірдің өзінде қазақстандық және қытайлық сарапшылар осы келісімдерді іс жүзінде жүзеге асыру бағытында жұмыс істеп жатыр. Әңгіме енді мәлімдемелер туралы емес, нақты жобалар, мерзімдер және бірлескен жұмыс жайында болып отыр.

– Сапар барысында жасанды интеллект мәселесіне ерекше көңіл бөлінді. Президент «Қазақстан–Қытай цифрлық көпірін» құруды ұсынды. Бұл бастама екі елдің технологиялық серіктестігін нығайтуға қандай мүмкіндік береді?

– Бұл өте маңызды бастама. Жоғары технологиялар саласында ынтымақтасуға ниет білдіру – бір бөлек, ал нақты платформа құрып, өзара іс-қимыл тетіктерін, бірлескен жобалар мен ортақ стандарттарды айқындау – мүлде басқа деңгей. «Цифрлық көпір» идеясының мәні де осында.

Сонымен қатар Қазақстан жасанды интеллект саласында өз бастамаларын ұсынып отыр. Астанада тек Қазақстан мен Орталық Азияда ғана емес, жаһандық деңгейде ЖИ-ді дамытуға арналған ірі іс-шаралар өткізілуі мүмкін.

Ең бастысы – Қазақстан бұл жерде технологияны тек қабылдаушы тарап емес. Біз жасанды интеллект саласындағы әлемдік жетекші мемлекеттердің бірімен тең құқылы әріптес ретінде әрекет етіп отырмыз.

Қазіргі таңда Қытай бұл бағытта өте қарқынды дамып келеді. Жасанды интеллект саласындағы көптеген заманауи шешімдерді дәл осы елдің зерттеушілері мен компаниялары әзірлеп жатыр. Сондықтан мұндай әріптестіктің Қазақстан үшін стратегиялық маңызы бар.

– Бұл келісімдер Қазақстанды өңірлік цифрлық даму орталықтарының біріне айналдыру бойынша Президент ұстанған бағыттың жалғасы деуге бола ма?

– Президенттің саясатына назар аударсақ, цифрлық трансформация бағыты бірнеше жылдан бері жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Елімізде электронды үкімет, цифрлық мемлекеттік қызметтер белсенді дамып, мемлекеттік басқару мен әлеуметтік салаға заманауи технологиялар енгізіліп жатыр.

Президент инновациялық дамуды назардан тыс қалдырған емес. Енді бұл бастамаларды атқарушы органдар, бизнес және қоғам болып қолдап, жүзеге асыруы керек. Нақты нәтижеге қол жеткізу соған байланысты.

– Президент Қытай басшысымен қатар Таиланд және Камбоджа көшбасшыларымен де кездесті. Бұл Қазақстанның оңтүстік-шығыс Азия елдерімен байланысын кеңейтіп жатқанын көрсете ме?

– Әрине. Мұнда екі жақтың да қызығушылығы бар. Қазақстан ғана емес, оңтүстік-шығыс Азия мемлекеттері де біздің экономикамызға және ынтымақтастық мүмкіндіктеріне қызығушылық танытып отыр.

Бұл тек сауда мен инвестицияға қатысты емес. Туризм дамып, тікелей әуе рейстері жиілеп, гуманитарлық байланыстар нығайып жатыр.

Мұның бәрі қазақстандықтардың өмір сапасына тікелей әсер етеді.

Жалпы, мен халықаралық қатынастарды геосаяси ойындар тұрғысынан емес, ең алдымен прагматикалық көзқараспен бағалауды жөн көремін. Ең маңыздысы – мұндай ынтымақтастықтың экономика мен халыққа нақты қандай пайда әкелетінін бағамдау.

Меніңше, Президент те дәл осындай прагматикалық ұстанымды басшылыққа алып отыр.

Бұл сапардың нәтижесін қорытындыласақ, нақты қандай келісімдер Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуына барынша зор әсер етеді деп ойлайсыз?

– Ең алдымен, жасанды интеллект, цифрландыру және жоғары технологияларды әзірлеу мен қолдану саласындағы ынтымақтастықтың маңызы айрықша.

Дәл осы бағыттар Қазақстан экономикасының құрылымын өзгерте алады. Бұл тек жаңа технологияларды енгізуге ғана емес, сондай-ақ, бірлескен ғылыми орталықтар, университеттік бағдарламалар, зертханалар, стартаптар және жоғары технологиялық өндірістер құруға жол ашады.

Мұның бәрі мүлде жаңа сападағы экономиканы қалыптастырады. Бүгінде елімізде цифрлық трансформацияның нақты нәтижелері байқалып отыр. Көптеген мемлекеттік қызметтер онлайн форматта қолжетімді болып, азаматтардың өмірін жеңілдетіп жатыр. Қазақстанға келетін шетелдік мамандардан да мемлекеттік цифрлық қызметтердің жоғары деңгейде екенін жиі естиміз. Сондықтан Қытаймен технологиялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту Қазақстанның жақын және ұзақ мерзімді кезеңдегі бәсекеге қабілеттілігін арттыратын негізгі факторлардың біріне айналуы мүмкін.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қытайға нақты нәтижелерге қол жеткізуге бағытталған айқын прагматикалық күн тәртібімен барды. Сондықтан бұл сапарды соңғы уақыттағы ең нәтижелі сапарлардың бірі деуге болады.

Мемлекет басшысының Қытайға сапары мазмұнды өтті, ынтымақтастықтың негізгі бағыттарын қамтыды. Сапар жаңа келісімдерге, сауда-экономикалық ынтымақтастықтың Жол картасына қол қоюмен, сондай-ақ, ынтымақтастықты жаңғырту бағытындағы бірлескен бастамаларды ілгерілетумен аяқталды.

Тағы бір маңызды дүние – мұндай ынтымақтастыққа Қазақстан да, Қытай да бірдей мүдделі екенін көрсетті. Екі ел де ортақ мүдделерді түсініп, стратегиялық әріптестікті нақты іс жүзіндегі жобалармен нығайтуға дайын екенін байқатты. Сондықтан бұл сапар жай ғана дипломатиялық іс-шара емес, Қазақстан мен Қытай арасындағы екіжақты қатынастарды дамытудың маңызды қадамы болды.

Айта кетейік, бұған дейін Си Цзиньпин Тоқаевтың реформаларына жоғары баға бергенін жазғанбыз.