Саяси шиеленіске байланысты Жапония қытай пандаларын қайтаруға мәжбүр

Фото: Анадолы

АСТАНА. KAZINFORM — Алдағы 50 жыл ішінде алғаш рет Жапония зоопарктерінде қытай пандалары болмайды. Қытайдан жалға алынған егіз пандалар 2026 жылдың қаңтар айында өз отанына қайтарылады, деп жазды Анадолы. 

Kyodo агенттігінің хабарлауынша, Токио билігі 2021 жылы Уэно зообағында дүниеге келген «Сяо Сяо» және оның әпкесі «Лэй Лэй» атты пандалардың екі ел арасындағы жануарларды уақытша беру жөніндегі келісімге сәйкес қаңтар айының соңына дейін Қытайға қайтатынын мәлімдеді.

Ресми хабарламада келушілер егіз пандаларды соңғы рет 25 қаңтарда көре алатыны айтылған.

Жапония Министрлер кабинетінің бас хатшысы Кихара Минору:

– Біз пандалар арқылы қалыптасқан байланыстардың алдағы уақытта да жалғасуына үміттенеміз, – деп мәлімдеді.

Оның айтуынша, мұндай алмасулар ұзақ жылдар бойы Жапония мен Қытай халықтары арасындағы өзара түсіністік пен қоғамдық қабылдаудың жақсаруына ықпал еткен.

Токиодағы пандалар Қытайдың меншігі болып саналады, себебі олар ҚХР Жапонияға пандаларды көбейту мен зерттеу бағдарламасы аясында берген ата-аналардан туған.

Сонымен қатар, Жапония мен Қытай арасындағы қарым-қатынастың шиеленісуіне байланысты ендігіде пандаларды жалға алу мүмкіндігі әзірге белгісіз болып отыр. Дәстүрлі түрде пандалар екі ел арасындағы достықтың символы саналады.

Бұған дейін Жапонияның батысындағы хайуанаттар бағынан несиеге алынған 4 алып панданың барлығы Қытайға кері қайтарылатынын жазған едік.