- Қазіргі уақытта халықаралық және отандық сарапшылар бұл сайлауда Қазақстан халқының белсен ділігі жоғары болғандығын айтуда. Осының сыры неде? Бұл сіздердің тараптарыңыздан жүргізілген жұмыстардың нәтижесі десек бола ма?
- Ең алдымен, бұл - мемлекетті шебер басқарып, әлемдік қаржылық-экономикалық дағдарыс толқынына қарамастан, Қазақстан халқының материалдық-қаржылық жағдайын жақсарту үшін бар мүмкіндікті жасап келген іс басындағы Президенттің еңбегі. Сондықтан, халық өзінің өмір жағдайын одан әрі жақсартуға деген өз үміттерін бірыңғай екпінде байланыстыра отырып (сайлаушылардың келуі - барлық сайлаушылардың жалпы санынан 95,21 пайыз), келесі 5 жылға Елбасына сенім артуды ұйғарды. Н.Назарбаевқа 8 млн. 833 мың 250 сайлаушының немесе дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың 97,75 пайызының дауыс беруі бұл тек сенім білдіру ғана емес, адам және Президент ретінде оның атына алғыс білдіру.
Бұдан басқа, кандидаттардың өзі, олардың штабтары, 30 мыңға жуық сенім білдірген адамдары оның сайлау алдындағы бағдарламаларымен, белсенді іс-қимылдарымен, жүздеген кездеулермен, қызықты сөз сөйлеулері мен іс-шаралармен, өздерінің он мыңдаған үгіт материалдарымен, бұқаралық ақпарат құралдарындағы мыңдаған басылымдарымен, өмірлік маңызды проблемаларды тұжырымдау және оларды шешудің жолдарын ұсынуымен сайлау алдындағы үгіт кезеңінде сайлаушылардың қызығушылығын тудырып, кейіннен олардың 2015 жылғы 26 сәуірде сайлауға жаппай келуіне себеп болды.
2 ай бойы президенттік сайлау науқаны ішінде электораттың сайлау күнінде үлкен белсенділік танытуына Орталық сайлау комиссиясы (6 мүше және аппарат), сайлау комиссияларының 69 755 мүшесі, олардың ішінде 9 741 сайлау учаскесінің 68 187 сайлау комиссиясының мүшесі, ел бойынша 224 аумақтық сайлау комиссиясының 1568 мүшесі ұйымдастырушылық жәрдем көрсетті. Ортсайлауком тапсырысы бойынша әзірленген 32 ақпараттық және жұмылдырушы бейне және дыбыс роликтері республикалық телеарналардың эфирлерінде шамамен 2000 рет шықты. Ортсайлаукомның тапсырысы бойынша әзірленген сайлау тақырыбындағы 1 223 билборд еліміздің барлық өңірінде жергілікті мемлекеттік органдары мен сайлау комиссияларының жәрдемдесуімен орналастырылды. Ортсайлауком мүшелері мен қызметкерлері сайлау науқаны кезеңінде 15 телеарна бойынша 114 сұхбат, 30-дан астам брифинг берді, төмен тұрған сайлау комиссияларының мүшелерімен қатар жүздеген талдау және ақпараттық мақалаларды республикалық және өңірлік газеттерде жариялады.
Әлеуметтік-саяси бағыттағы 16 республикалық телеарна, 51 республикалық газет, 117 интернет-ресурс, 27 аумақтық телеарна және 179 аумақтық газет бұқаралық қоғам санасының назарына сайлау мәселелері бойынша 39 000 материалды жеткізді.
- Халықаралық сарапшылар сайлауға жоғары баға беруде. Десек те , олардың тарапынан қандай да бір сын-ескертпелер, ұсыныстар болды ма?
- Көптеген халықаралық байқаушылар шынында да өткен президенттік сайлауды жоғары бағалады. 2015 жылғы 27 сәуірдегі баспасөз мәслихатында ТМД-ның халықаралық байқаушылар миссиясының басшысы С.Лебедев президенттік сайлауға жоғары баға берді. ТМД миссиясының мүшелері, ТМД Атқару комитетінің атынан сайлау әділ, еркін, Қазақстан Конституциясы мен сайлау заңнамасының нормаларына сәйкес, ашық түрде болды, деп атап өтті.
Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесі байқаушылары миссиясының қорытындысында «Қазақстан Республикасында президенттік сайлау ашық және Қазақстан Республикасының ұлттық заңңамасы мен сайлау өткізу бойынша танылған халықаралық нормаларға сәйкес өтті», деп жазылған.
ШЫҰ дан байқаушылар миссиясы Қазақстанда «мемлекет басшысының сайлауы ашық, еркін және демократиялық түрде өтті», деп мәлімдеді.
Түркітілдес елдердің Парламенттік ассамблеясы (ТүркПА) атынан халықаралық байқаушылар миссиясы 2015 жылдың 26 сәуірінде өткен Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауының қорытындылары бойынша мәлімдемесінде «Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауы демократиялық жағдайда, ұлттық заңнама мен сайлау туралы халықаралық нормаларға толығымен сәйкес өтті», деп оң бағалады.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ халықаралық байқаушылар миссиясы 2015 жылғы 27 сәуірдегі алдын-ала тұжырымдары мен қорытындылары бойынша өзінің мәлімдемесінде президенттік сайлау науқанының бірқатар аспектілерін оң бағалап, бірқатар сыни ескертулер жасады. Ол құжаттың алдын ала жасалғанына (миссияның қорытынды есеп 2 айдан кейін беріледі) сілтеме жасап, сондай-ақ сайлаудың соңғы нәтижелерін жариялауды байқау қажеттігіне, сайлау қорытындылары бойынша келуі мүмкін шағымдарды бағалау қажеттігіне қарай сайлауға жалпы баға беруден тартынды.
ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның алдын ала құжатына байланысты ҚР ОСК түсініктемесінің толық мәтіні жақын арада Ортсайлаукомның сайтында мемлекеттік, орыс және ағылшын тілдерінде орналастырылатын болады, мұнда ОСК ұстанымы осы миссияның әрбір ескертуі бойынша тарқатылады.
- Кейбір байқаушылар дауыс беру күнінде ұзын - сонар кезектің болғанын сынап, алдағы уақытта оған жол бермеу үшін сайлау комиссиясы мүшелерінің санын арттыруды ұсынуда. Жалпы, келесі сайлауда мұндай кезектің болмауы үшін қандай шаралар атқарасыздар?
- Сайлау учаскелерінде сайлаушылар шынымен ұзын-сонар кезекте тұрды, бұл туралы халықаралық байқаушылар да айтқан болатын. Және бұл сайлаушылардың сайлау учаскелеріне жаппай келгенін растайды. Бұл проблеманы шешу керектігімен келісемін. Бірақ тек сайлау күні ғана емес, сонымен қатар сайлау науқаны кезеңінде де жұмыс істейтін сайлау комиссияларының санын өсіру есебінен шешу керек емес, олардың көпшілігіне айтарлықтай жалақы төленеді. Әрбір учаскелік комиссияны бір адамға ұлғайту ел бойынша 9 741 адамға ұлғайтуды білдіреді. Мен аталған мәселені шешудің 2 тәсілін ұсынар едім. Сайлау учаскесінің төрағасы мен хатшысы сайлаушылар бюллетендерін таратудан босатылған. Сайлаушылар жаппай келе бастаған сәттерде осы сайлау комиссиясының 5 мүшесіне көмектесіп, бюллетеньдерді таратуға отыруын міндеттеуге болар еді. Бұдан басқа, учаскенің ашылу және жабылу кезіндегі жұмыс уақытын бір сағатқа ұлғайтуға болады. Сонда учаскенің жұмыс сағаттары сағат 7.00-ден бастап 20.00-ге дейін емес, 6.00-ден бастап 21.00-ге дейін жүргізіледі. Бұл саяжайшылар мен осы күні жұмыс жасайтын адамдар үшін қолайлы жағдай болар еді. Әрине, мұндай әдістер ресми шешімдермен ресімделуі тиіс.
- Келесі жылы ҚР Парламенті Мәжілісі депутаттарының сайлауы өтеді. Дегенмен, қазіргі уақытта қоғамда оның да мерзімінен бұрын өтуі мүмкін деген пікір бар. Осы мәселенің басын ашып берсеңіз.
- Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясына Қазақстан Республикасының Парламентіне мерзімінен бұрын өтуі мүмкін сайлауға қатысты қандай да бір ресми хаттар мен құжаттар келіп түскен жоқ.
- Сұхбатыңызға рахмет!