«Ауыл әкімінің лауазымына сайланатын кандидаттарға қойылатын талаптар да жоғары әрі бұл да бір кемшіл тұс. Кандидаттарды ұсыну мерзімі де қысқа болды, нәтижесінде кейбір азаматтар әкімдікке өздерінің кандидаттары туралы уақытылы өтініштер жасай алмай қалған. Бұдан бөлек, аудан әкімдерінің жұртшылықпен, жергілікті қауымдастықпен кеңестер өткізудің бірегей тәртібі айқындалмаған. Сонымен қатар, кейбір аудан әкімдері халық ұсынған кандидатураларды қаперге алмаған. Ал кандидаттарды тіркеу барысында олардың табысы мен мүліктері туралы деректеріне қатысты сайлау комиссиялары аз-маз нақтыланбаған, кейбір жағдайда мың теңгеге дейінгі сомалары үшін үміткерлерді тіркемеген», - деді республикалық комиссия төрағасы Өмірзақ Озғанбаев.
Оның айтуынша, сайлауалды үгіт науқаны кезеңінде кандидаттарға өздерінің сайлау қорын құруға құқық берілген. Алайда кандидаттар мұндай қорды белсенді пайдалана алмаған. «Үгіт науқаны барысында кейбір кемшіліктер орын алғанын атап өтуді жөн санаймыз. Мәселен, «Қазақ үні» газеті Жезқазған өңіріндегі мектеп директорларының осы сайлауға кандидат ретінде өз ықыластарынан тыс түсіп отырғанын хабарлаған. Сонымен бірге, Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты бір ауылға он жеті жыл бойы әкім болып келген азамат Ахметжанов сайлауға түсушілер тізіміне оның кандидатурасына аудан әкімінің бөгет жасауына байланысты енбей қалғандығын айтып шағымданған. Айтылған кемшіліктер елімізде ауыл әкімдерінің алғаш рет өткізілуімен байланысты орын алғанын айтқымыз келеді. Сонымен қатар, ауыл әкімдерін кең көлемде сайлау науқанын құқықтық және ұйымдастырушылық тұстары бұрын соңды болмағандығын ескеруіміз қажет», - деп атап өтті комиссия төрағасы Ө. Озғанбаев.
Бұдан бөлек, Сайлауды қадағалау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссия сайлау заңнамасын жетілдіру бойынша бірқатар ұсыныстар жасады. «Ауыл әкімдігінен кандидатқа қойылатын біліктілік талаптары тым жоғары. Тіпті, кейде ауылда лайықты кандидаттар да таба алмай қалып жатамыз. Оның үстіне әкімдікке кандидат екі адамнан кем болмауы тиіс. Осыған орай, ауыл әкімдігіне кандидаттарға қойылатын талаптар қайта қаралуы тиіс. Атап айтқанда, олардың жұмыс өтіліне қойылатын талабы кемітіліп, бұл өтілде тек мемлекеттік қызметте ғана емес, жеке сектордағы басшылық қызметі де есепке алынуы керек», - дейді Ө. Озғанбаев.
Бұдан бөлек, республикалық комиссия жергілікті халықтың елімізде өткен сайлауды қабылдау деңгейін зерделеу, сараптау мақсатында өңірлерде әлеуметтік экспресс-сауалнама жүргізуді жүзеге асырмақ. Бұл қоғамдық пікір ерекшеліктері алдағы уақытта БАҚ-та жарияланатын болады.
«Жалпы, қорытындылай айтсақ, елімізде ауыл әкімдерінің сайлауы заң деңгейінде өтті деп мәлімдеуге болады. Бұл кең ауқымдағы демократиялық сайлаудың тұңғыш тәжірибесі болатын. Біздің комиссия тұрақты негізде жұмыс істеп, елдегі сайлауға қадағалау мәселелеріне алдағы уақытта да ден қоятын болады. Сондықтан да, бұндай тәжірибе әлі де жетіле түседі деген сенімдеміз», - деді комиссия төрағасы.
Еске салсақ, ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес, ағымдағы жылдың 5-9 тамыз аралығында еліміздің 14 облысында аудандық маңызы бар қалалар, ауылдық округтер, ауылдық округтердің құрамына кірмейтін кенттер мен ауылдардың 2457 әкімінің сайлауы өтіп, барлығы 2454 әкім сайланды. Үш ауылдық округте жеңімпаздар анықталған жоқ. Себебі таңдаушылардың дауыстары тең бөлінді. Аталған әкімшілік аумақтық құрылымда тамыздың 28-інде қайта сайлау өткізіледі.