Сайлаудың үгіт науқаны барысында барлық саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімдігі қамтамасыз етілуі керек - Н. Назарбаев

АСТАНА. 16 желтоқсан. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Сайлаудың үгіт науқаны барысында барлық саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімдігі қамтамасыз етілуі керек. Бүгін Астанада «Нұр Отан» ХДП республикалық сайлауалды штабында болып, онда селекторлық кеңес өткізгеннен соң партия Төрағасы, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев осылай мәлімдеді.

«Байланыс және ақпарат министрлігі Орталық сайлау комиссиясымен бірлесе отырып, сайлау үгіт науқаны барысында барлық саяси партиялардың бұқаралық ақпарат құралдарына қолжетімдігін қамтамасыз етулері керек. Бұдан бөлек, сайлау барысын қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды қамтамасыз ету қажет. Біздің партияның өзі барлық сайлау учаскелерінде басқа партиялар тарапынан заңнаманы бұзу орын алмасы үшін, осындай бақылауды жүзеге асырғаны абзал», - деді Елбасы.

Бұл ретте Мемлекет басшысы заң бұзушылықтар уақытылы құқық қорғау органдарына хабарлануы тиістігін және ол бойынша шапшаң шаралар қабылдануы керектігін атап өтті.