Сайлауға дауыс беруге келген тұрғындардың көңіл-күйлері көтеріңкі - Күләш Рақымжанова

КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Сайлауға дауыс беруге келген тұрғындардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Бұл туралы 'ҚазАқпарат' ХАА-нің өңірдегі тілшісіне Ақмола облысының Зеренді селосында орналасқан №560 сайлау учаскесінің бақылаушысы зейнеткер, ақын, мәдениет саласының бұрынғы қызметкері Күләш Рақымжанова мәлім етті.

Оның айтуынша, бұл жолғы сайлауда дауыс берушілерге барлық жағдай жасалған.

"Кандидаттардың суреттері мен олар туралы деректер алфавиттік тізім бойынша ілініп, олардың сенім білдірген адамдарына арналған жадынама қойылған,еліміздің «Сайлау туралы» Заңы көрнекіт орынға орналастырылған. Жүріп-тұруы қиын сайлаушылар үшін сайлау учаскесінің мүшелері арнайы бөлінген көлікпен үйлеріне барып, дауыстарын алады. Биыл бірінші рет дауыс беріп отырған ең жас сайлаушыларға сый-сияпат та қарастырылған. Ондай тоғыз адам тіркелген. Сондай-ақ, жасы ұлғайған қариялар да бар.

Бір сөзбен айтқанда, биылғы сайлау әділ әрі халықаралық талаптарға сай өтіп жатқан жайы бар. Мен бақылаушы болып отырған №560 сайлау учаскесінде 1342 сайлаушы тіркелген болса, қазірдің өзінде оның 500-ге жуығы келіп дауыстарын беріп үлгерді. Әзірге, бақылаушылар тарапынан ескерту болған жоқ. Сайлауға келген адамдардың көңіл-күйлері көтеріңкі. Барлығы да өз кандидаттарына дауыстарын беріп, осы сайлаудан кейін еліміздің әлеуметті-экономикалық жағдайы одан әрі жақсарта түсетініне сенім артып отыр", - дейді Күләш Рақымжанова.