Сәкеннің шығармашылық өмірінен сыр шертетін бұл деректі фильмді Сәкен Жүнісовтің інісі «Қазақфильм» киностудиясының деректі фильмдер режиссері Орал Жүнісов түсірген екен. Фильмнің тұсаукесер рәсімінен кейін, жазушының туған інісі Орал Жүнісов пен қарындасы Роза Жүнісовамен сұхбаттасудың сәті түсті. Бірінші жазушының інісі, бүгінде деректі фильмдерімен танылып жүрген белгілі режиссер Орал Жүнісовті сөзге тарттық.
Орал Жүнісов: Менің ағам Мұқағали Мақатаевтан емтихан алған
- Ағаңызбен бірге өткізген балалық күндеріңіз әлі есіңізде болар. Оның таланты неше жасынан байқалды?
- Бәрі көз алдымда әлі сайрап тұр. Ағам өте кішкентай кезінен өнерге жақын болды. Бес жасынан бастап домбыра тартты. Арқа жұртының аузынан түспейтін Ақан әндерін сол кезде жатқа шырқап өсті. Күйді де нақышына келтіре орындайтын. Біз үйде үш ұл, екі қыз бес ағайынды болдық. Сәкен - ұлдың үлкені болды. Ағамның басты ерекшелігі - айтқанынан қайтпайтын, қолына алған істі ақырластырмай тынбайтын, уәдесінен таймайтын өте қайсар және бір көргені мен естігенінен жаңылмайтын өте алғыр болды. Қазақта: «Сүтпен біткен, сүйекпен кетеді» деген аталы сөз рас екен. Бала күніндегі сол қасиеті өмірінің соңына дейін бойында сақталып қалды. Сол қасиеті ағамды осындай ұлы тұлға етті.
- Ағаңыздың тырнақ алды туындысы қашан жарық көргені есіңізде ме?
- Қай жылы екені нақты есімде жоқ. 1952 жылдары болу керек. Сол кездегі «Пионер» газетіне «Алдыңғы вагон» деген туындысы шыққаны әлі есімізде. Туған-туыстар жабылып, «О, Сәкеннің мақаласы шығыпты» деп жабыла оқығанбыз. Ағамның шығармашылық өмірі негізінен университет қабырғасында қалыптасты. Ауылда мектепті күміс белгіге бітіріп, өз күшімен сол кездегі КСРО-да беделі тасып тұрған ҚазМУ-дың филология факультетіне оқуға түсті. Онда әйгілі жазушы Мұхтар Әуезовтен сабақ алды. Сөйтіп жүріп, Мұхаңның алғашқы аспиранты атанды. Университет қабырғасында жүріп газет, журналдарға араласып, мақалалары мен әңгімелері күн сайын жарық көрді. Мақалалары, әңгімелері сынға ұшыраған кездері де аз болған жоқ. Бірақ, оған ағам жасымады, керісінше, толқынға қарсы жүзді. Өзі де кілең ақын-жазушылармен араласты. Өз ортасында беделді азамат болды. Сөйтіп жүріп, кезінде Мұқағали Мақатаев жоғары оқу орнына емтихан тапсырғалы келгенде емтихан алған осы менің ағам - Сәкен болатын. Міне, сол өзі оқуға түсірген Мұқағалиды бүгін танымайтын қазақ кемде-кем шығар.
- Сәкен а ғаның жазған шығармаларын сіздер жиі оқитын ба едіңіздер?
- Әрине, көптеген шығармаларын қолжазба кезінде оқып алатынбыз. Бүгін не жазады екен деп күтетінбіз. Бала күндеріндегі көрген-білгенін оймақтай ойға сыйдырып, ақ қағазға әңгіме етіп түсірді. «Әжем мен емші және дәрігер», «Кімнің мекені жақсы?», «Өшпейтін іздер» деген секілді алғашқы шағын әңгімелерін қалай жазғаны әлі есімізде. Уақыт өте келе үлкен шығармаларға ауысты. Күрделі жанр - драмаға да көңіл бөліп, республикалық және облыстық театрларда «Ажар мен ажал», «Тұтқындар», «Жаралы гүлдер», «Қызым, саған айтам», «Қысылғаннан қыз болдық», «Қос анар», «Сабалақ Абылай» сынды пьесалары сахналанды. Оны жұрт өте жоғары бағалады. Ал «Жапандағы жалғыз үй», «Ақан сері», «Аманай мен Заманай» романдарын жұрт жастығына жастап жатып оқитын сүйікті шығармалар болғаны даусыз. Бұл ағамның жазушы ретінде толысып, өзін жұртқа әйгілеген туындылары десем артық айтқандық емес.
- Ағаңыздың шығармаларынан жазушының інісі ретінде, әрі ең сүйікті оқырманы ретінде қай шығармасын бөле-жара атап өтер едіңіз?
- Әр шығармасының өз ерекшелігі, өз орны бар. Өз басым шығармаларының ішінен «Ақан сері» романын ерекше атап өткім келеді. Олай дейтінім, Сәкен Ақан серінің әндерімен сусындап өскенін жоғарыда айттым ғой. Ағама «Ақан серінің әндері» бала күнінен рухани азық сыйлағаны анық. Сол бала күнгі арман мен тәтті қиялдан осындай ірі дүние туды деп ойлаймын. Ал «Жапандағы жалғыз үй» шығармасы да астары терең шығарма. Сәкеннің қай туындысы болса да, сол кездегі қоғамның артықшылықтары мен кемшіліктерін астарлап айта білді. Сол кездегі солақай саясаттың қазақ жеріне, еліне жасаған зорлық-зомбылығын астарлы түрде халыққа жеткізе білді.
- Сәкен Жүнісовтің бүгінде аяқтамай қалған, немесе, шықпай қалған, қолжазба дүниелері бар ма?
- Ағам «Ақан серінің» үшінші кітабын жазуды ойлаған. Онда серіні Меккеге апарғысы келген екен. Бірақ неге екені белгісіз, кейін бұл ойынан айнып қалған. Бірақ, бастаған дүниелері бар. Сондай-ақ Абылай ханға арнап роман жазғысы келген. Басын жазып та қойған еді. Өкінішке қарай, жазып үлгере алмай кетті.
- Ағаңыз туралы деректі фильм түсіруді қалай қолға алдыңыз, қиын болды ма?
- Әрине, қиын болды. Сәкен туралы көптеген деректер, естеліктер, жазбалар мұрағаттарда толық сақталмаған. Көз көрген, бірге жүрген жора-жолдастарынан жинақтаған дүниелердің басын қосып, інілік парызымды өтейін деп қолға алған шағын жоба бұл. Ал Сәкен туралы зерттеу бүгінгі ұрпақтың еншісі деп ойлаймын.
Роза Жүнісова: Мен әркез ағамның алғашқы оқырманы болдым
- Роза апай, әйгілі жазушының қарындасы болған сізде арман жоқ шығар?
- Халқы сүйген Сәкендей азаматтың қарындасы болу - бақыттың бақыты. Мен Сәкендей ағам болғаны үшін өзімді ең бақытты адам деп ойлаймын. Бұл бақытты көтере білсең ғана бақыттысың. Неге? Біреулер мұндай бақытты көтере алмайды. Сәкен елін қаншалық сүйе білді? Еліне қаншалық рухани азық сыйлай алды? Міне, елі де Сәкенді соншалық сүйе білді. Осындай елі сүйген азаматтың іні-қарындастары да елге үлгі өнеге бола алса сонда ғана ағасымен мақтана алады. Осындай ағасының құнды дүниелерінің қадіріне жетіп, бағалай білсе, соңғы ұрпаққа еңбектерін аманаттап жеткізе білсе ғана артынан ерген іні-қарындастары бақытты болады. Мен сол ағамның құнды дүниелерін жинап, зерделеп, кейінгі ұрпаққа аманаттап қалдырсам деген ниетпен жұмыс жасап жатырмын.
- Кезінде ағасы қарындасын қалай еркелетуші еді?
- Ағам мені алақанына салып еркелетті. Жанынан қалмайтынмын. Өте бауырмал еді. Артық-кем кеткен тұстарымды айғаймен емес, ақылмен ақырын түсіндіріп, адамдық, адалдық, инабаттылықты үйрететін. Әр ісімізге жауапкершілікпен қарауды, үлкенді қалай сыйлап, кішіні қалай аялайтынымызды осы Сәкен ағамыздың қасында еріп жүріп үйрендік. Қазақ айтқандай: «Алдыңғы доңғалақ қалай жүрсе, соңғы доңғалақ та солай жүреді» демекші отбасындағы алдыңғы ағамыз өнер білімге құштар болған соң шығар, бәріміз Сәкенге қарап, солай өстік.
- Сәкен серінің жазушылықтан тыс тағы қандай өнері бар еді?
- Менің ағам «сегіз қырлы, бір сырлы» азамат еді. Сосын да шығар, «Сәкен сері» атануы. Сәкеннің шығармашылықтан өзге де қырлары көп болды. Оның спортпен, соның ішінде күреске қатысып, спорт шебері атанғанын көп адамдар біле бермейді. Сурет те салатын. Ал ән айтқанда тыңдап отыра бергің келеді. Дауысы қандай керемет еді. Отырыстарда, жиын, тойларда ән тиегін ағытқан Сәкенді жұрт құлаққа ұрған танадай, ұйып тыңдайтын. Тіпті бір кездері осы өнерге қызығып, консерватория ұстаздарынан жеке сабақ та алған болатын. Домбырамен тәтті күйлерді қоңыраулатып тартқанда еріксіз сезімге ерік беретінбіз. Сәкеннің бір өзінде бір емес, бес домбыра болды. Кітап жазуға отырғанда міндетті түрде домбыраны жанына алып отыратын. Арасында күй тартып, ыңылдап ән айтатын.
- Кітап жазуға бір отырғанда қанша уақыт отырушы еді?
- Өте көп отыратын. Кейде, 5-6 сағат қозғалмай отыратын. Сосын тағы бір мінезі беріліп бірдеме жазып отырғанда кедергі келтірген адамды ұнатпайтын. Сол үшін жазуға отырғанда біз көбінде далаға шығып кететінбіз.
- Ағаңыздың шығармаларын қаншалықты сүйіп оқыдыңыз?
- Біреуге өтірік, біреуге шын, мен ағамның шығармаларының ең бірінші оқырманы болдым. Сәкен жазғандарын үстеліне қалдырып кететін. Қолжазбаларын оқығанды ұната бермейтін. Мен ағам сыртқа шығып кеткенде, жұмысқа кеткенде сол жазбаларын ең бірінші болып ұрлап оқитынмын. Сонда бір байқайтыным, ағам қолжазбаларын көп өзгерте бермейтін. Аздап әріп қателіктерін ғана түзегені болмаса, өшіріп, сызып, қайта жазған дүниелерін кездестіре бермейтінмін.
- Оның көңілін қалдырған кезіңіз болды ма?
- Ағама Алла тағала бәрін үйіп берген ғой. Сәкен жас күнінен өнерге, білімге құштарлығының арқасында өз ортасында өте беделді болды. Өзі де өте сымбатты азамат болып ер жетті. Мұндай жігіттерге қыздар да үйірсек болатынын білесіз. Оған ауылдың қыздарынан кімдер ғашық болмады. Оның мектепте оқып жүрген кезі. Екеміз бір бөлмеде жатамыз. Түнде ағам ылғи қыдырып кететін. Бір күні «Сіз, қайда кетіп қаласыз? Қайда барып жүрсіз?» деп сұрақтың астына алдым. Сонда ағам күліп тұрып, «Мен сенің ағаңмын, мен саған есеп бермеймін, егер анам сұраса ғана есеп беремін» деп ескертті. Сөйтіп жүргенде бір күні бір қыз маған керемет конверт ұстатып, мынаны ағаңа апарып бер деді. Конвертке қарасам неше түрлі жылтырақпен безендірілген. Балалығым ғой, қызығып, ішіндегі хатты лақтырып тастап, сыртын дәптеріме жабыстырып алдым. Бір күні ол түсіп қалады. Оны ағам көріп қояды. Сонымен не керек, ағам: «біреудің дүниесін неге аласың, ал алған соң неге бермейсің» деп қатты ренжіп, ұрысқаны бар. Содан қайтып ағамның көңілін қалдырған емеспін.
- Қазір Сәкен аға өмірден озғалы да біраз жылдар артта қалды. Сәкен ағаның құрметіне көше, мектеп аттары берілді ме?
- Сәкеннің есіміне Алматыдан да, Астанадан да бір-бір көшенің атын берсе артық етпейді деп ойлаймын. Өкінішке қарай, әлі бірде-бір көше, мектепке ағамыздың аты берілген жоқ. Бірақ ерте ме, кеш пе ұлтын сүйген ұлына халқы бір көшесін арнайтын шығар деген үмітпен келе жатырмыз.
- Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Күнсұлтан ОТАРБАЙ
Сәкен ЖҮНІСОВТІҢ қысқаша өмірбаяны
Сәкен Жүнісов 1934 жылы 11 ақпанда Көкшетау (қазіргі Ақмола) облысының Қызылту ауданы, Кішкенекөл ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетін тәмамдағаннан кейін еңбек жолын "Пионер" (қазіргі "Ақ желкен") журналында әдеби қызметкер болып бастады. М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі, КСРО Әдеби қоры Қазақ бөлімшесінің директоры, Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы қызметтерін абыройлы атқарды.
Сәкен Жүнісов жазушылықпен айналысқан жарты ғасырға таяу шығармашылық өмірінде қазақ әдебиетін өркендетуге өлшеусіз үлес қосты. "Ақан сері" дилогиясы, "Жапандағы жалғыз үй", "Заманай мен Аманай" романдары қалың оқырман қауымнан да, әдеби сыннан да жоғары баға алды.
"Ажар мен ажал", "Тұтқындар", "Қызым, саған айтам", "Жаралы гүлдер", "Қос анар", тағы басқа пьесалары республика театрларында табыспен қойылды.
"Өліара" пьесасына 1986 жылы Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығы берілді.
Көптеген шығармалары шет тілдерге аударылды. Өзі де Л.Толстойдың, С.Цвейгтің, О.Гончардың әңгімелері мен романдарын қазақ тіліне сәтті тәржімалады.
С.Жүнісовтің қаламынан туған таңдаулы шығармалары қазақ әдебиетінің алтын қорынан орын алған құнды дүниелер болып табылады.
Ол өз замандастарының арасында ауқымды шығармашылық қарымымен де, біртуар азаматтық болмысымен де ерекшеленетін. Туған халқы талантты перзентін сан қырлы өнері үшін Сәкен сері атап, аялап еркелетті.
Аяулы азамат, үлкен қаламгер Сәкен Жүнісовтің жарқын бейнесі әрдайым ел жүрегінде сақталады. Оның озық туындылары халқының рухани қазынасына айналып, болашақ ұрпақтармен бірге жасай береді.