Семей ет комбинаты өз өнімдерін енді Ресей мен Грузияға экспорттамақ

АЛМАТЫ. 5 қаңтар. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - «Семей ет комбинаты» ЖШС Шығыс Қазақстан облысында аусыл індетінің шығуына орай жарияланған карантин аяқталған соң өз өнімдерін Ресей мен Грузияға экспорттамақ.

 Серіктестіктің коммерциялық бөлімінің бастығы Әсет Мәдиевтің айтуынша, бұл кәсіпорында қалбырдағы еттің 20 және шұжық өнімдерінің 50 шақты түрі өндіріледі. Сондай-ақ сұранысқа қарай ет те сатады.

«Қазір күніне 35 мың қалбырланған ет, 4-5 тонна шұжық шығарамыз. Қалбырланған етті  40 мыңға, ал шұжықты 10 тоннаға дейін  ұлғайтуға мүмкіншілігіміз бар.  Қазір ішкі нарыққа ғана жұмыс істеп жатырмыз. Өткен жылы желтоқсан айында өз өнімдерімізді Ресей мен Грузияға экспорттауды жоспарлағанбыз. Аусыл індетінің шығуына орай ол кейінге қалдырылып отыр. Карантин аяқталса енді шетелдік серіктестермен арадағы келіссөздерді қайта жалғастырамыз», - дейді Әсет Биғазыұлы. Кезінде  бүкіл Кеңес одағына әйгілі болған бұл комбинат қайта құру жылдары  бұрынғы атақ-даңқынан айырылған болатын. Қазір нарық талабына сай сыртқы байланыстарды қалпына келтіру үшін өндіріс қолдан келген мүмкіндікті пайдаланып жатыр. Дегенмен айналыстағы қаржы тапшылығы өндірісті жаңартуға қолбайлау болып отыр. Кәсіпорын жаңа желіні іске қосқан жағдайда қазіргі таңда жұмыс жасап жатқан  180-200 адамды  250-ге дейін ұлғайтуға мүмкіндік алмақ.