«Семей» футзалдан Чемпиондар лигасының келесі сатысына шықты

Фото: «Семей» футзал клубы

АСТАНА. KAZINFORM - Бүгін, 5 желтоқсанда футзалдан UEFA Чемпиондар лигасы 1/8 финалында қазақстандық «Семей» Польшаның «Пяст» командасына қарсы қарымта ойынын өткізді.

Семейде өткен алғашқы кездесуде ойын 3:3 есебімен тең аяқталды

Сондықтан қазақстандық клуб үшін тек жеңіске жету қажет еді.

Кездесу олар үшін қолайсыз басталды. Польшалық клуб ойынның 1, 6-минутында екі гол соғып кетті. Бірінші кезеңде семейлік клуб сапынан Нұрсұлтан Пиялы 18, Ринат Төреғазин 19-минутта мергендік танытып, таразы басын теңестірді.

Екінші кезеңде қазақстандық команда басымлықты арттырды. Бұл жолы 28-минутта Педринью көздеген нысанадан мүлт кеткен жоқ. 

Ал 31-минутта «Семей» сапынан Ринат Төреғазин тағы бір мәрте гол соқса, польшалық клуб оған бір голмен жауап қайырды. 

Ойынның 39-минутында қазақстандық клубтан Марсело қорытынды есепті белгіледі.

Осылайша «Семей» қарсыласынан 5:3 есебімен басым түсіп, жарыстың келесі сатысына шықты.

Биыл футзалдан Чемпиондар лигасының элиталық кезеңіне өзгерістер енгізілді.

Жарыстың аталған сатысында 16 команда сегіз жұпқа бөлінді. Командалар өз алаңында және сырт алаңда бір-бір кездесуден өткізді. Бұл ойындар 2025 жылдың 24 қараша-6 желтоқсан аралығында болды.

Одан кейін 2026 жылдың 23 ақпаны мен 6 наурызы аралығында командалар сол ереже бойынша ширек финалда сынға түседі.

Финал 2026 жылдың мамыр айында Италияның Песаро қаласында өтеді. Онда төрт команда шеберлік байқасады. Алдымен жартылай финал болса, одан кейін финал мен 3-орын үшін ойындар өткізіледі.