Бес жылда 115 млн ағаш егілді
Семей орманындағы Каштак орманшылығының басшысы Дидар Қабылхановтың айтуынша, мамандар өрттен зардап шеккен алқаптарды тазалап, қайта орман өсіру жұмыстарын жүргізуде. Өртенген ағаштар кесіліп, қалдықтар қыс мезгілінде жойылады. Одан кейін көшет отырғызу кезеңі басталады.
Дидар Қабылханов — тілсіз жаумен 4 тәулік тынбай тірескендердің бірі. Жаңа ғана жабылып жүріп өшірген жердің жалт бере қайта лаулағанын көрді. Өйткені дүлей жел дамылсыз үрлеп, оттың астын көсеумен болды. Онсыз да жаз бойы жаңбыр көрмей, қуаңшылықтан құлазыған орман қураған қамыстай лапылдай берді. Тәжірибелі орманшы алапатқа тамызық болған тағы бір жайт бар дейді.
— Қылқан жапырақты қарағайымыз өртке өте бейім келеді. Қатты өрт болғанда смола бөледі. Өрт басталған күні шамамен 35-40 градустай ыстық болды. Құрғақшылыққа ыстық жел болды. Содан өрт ұлғайып кетті, — деді Д. Қабылханов.
Жас көшеттердің тамыр алып кетуі де бір уайым. Өйткені Семей топырағы құмды әрі өте ыстық. Сондықтан орманшылар өрт сөндіру техникасымен жиі- жиі суаруға мәжбүр.
Замира Ғалиева «Семей орманына» жұмысқа кіргенде бұл қарағайлардың бойы бір қарыс еді. Орман қорын қалпына келтіріп, молайту оңай емес. Бұл іске атасы да, әкесі де бүкіл ғұмырын арнаған.
— Соңғы бес жылда 115 млн түп ағаш ектік. Осы күзде қалған жоспарды орындаймыз.Келесі көктемде де 5 гектардай алқапқа егеміз.Осылайша белгіленген межеге жеткіземіз. Осындай құрғақ, ыстық климатқа, желі басылмайтын қатал табиғи жағдайға бейімделген қарағай ағашын ғана егеміз, — дейді «Семей орманы» МОТР Орман қорын қалпына келтіру және молықтыру бөлімінің басшысы Замира Ғалиева.
Резерват мамандары жыл сайын 5 мыңдай гектарға қарағай егеді. Осылайша Президент айтқан 2 млрд ағаштың 115 млн-ы Семей топырағында тамыр жайды. Бірақ қуаңшылықтан биыл көктемде егілген 14 млн көшеттің бәрі бірдей өнбей тұр.
Оңтүстік Кореядан келген жаңа әдіс
Өрттен кейінгі қалпына келтіру жұмыстарына халықаралық серіктестер де тартылған. Соның бірі — Азия орман ынтымақтастығы ұйымы. Ұйымның қолдауымен Семейде оңтүстіккореялық технологиялар енгізіліп жатыр.
Яғни, бұрын арықтардың арасына 3 метр, көшеттердің арасына 70 см қалдырып ексек, оңтүстіккореялықтар жүйектерді жақындау, көшеттерді бір-бірінен алыстау егеді екен. Сондай-ақ, арасына техника кіре алатындай алқаптарға бөлінеді. Осындай әдіспен соңғы екі жылда 60 гектарға көшет егілді.
— Ең алдымен 9 гектар болатын бір блокқа көшет егеміз. Схемаға байланысты аралары ашық болады. Келесі блок тағы 9 гектарды құрайды. Егер орман өрті бола қалса, арасынан көлік өте алатындай жаңа тәсілдер енгізіп жатырмыз, — «Семей орманы» резерваты орман өсіру және орман молықтыру инженері Айдана Сабыржан.
Жақында өрт ойрандаған орман сыртында қарағайға сүйенген бұғы мүсіні пайда болды. Оңтүстіккореялық мүсінші оны жанып кеткен ағаш жаңқаларынан жасапты.
Корей суретшісі Чон Чан И жаралы табиғаттың «жанайқайын» осылай жеткізіп, көпке ой салғысы келеді.
— Орман өртенгенде тек ағаштар ғана күймейді. Табиғаттың жады, жан-жануардың мекені, адам мен табиғаттың арасындағы көзге көрінбейтін байланысқа да сызат түседі. Сондықтан осы қасіретті өнер тілімен сөйлеткіміз келді. Жанып кеткен ағаш діңдері мен бұтақтарын жинап, оларға жаңа өмір сыйладық. Адамға ой салатын мүсінге айналдырдық. Бұл туындылар өрт жалмаған қасіретті ғана емес, оның қайта жаңғыра алатын ішкі қуатын көрсетеді. Олар адамзаттың табиғат алдындағы жауапкершілігін еске салады, — деді мүсінші, Let’s Forest 2026 Kazakhstan жобасының жетекшісі Чон Чан И.
Орталық Азиядағы бірегей тұқым станциясы
Семей орманындағы маңызды нысандардың бірі — орман тұқым станциясы. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 2024 жылғы Жолдауында бұл кешенді бүкіл елге үлгі ретінде атап өткен болатын. Жылына 3 миллионнан астам қарағай көшетін өсіретін орталық Орталық Азиядағы теңдессіз жоба саналады.
— Бізде қарағай бүрін жинаудан бастап тұқымды сақтауға дейінгі барлық жұмыс бір жерде атқарылады. Орман шаруашылықтары жинаған бүрлер алдымен қоймада кептіріліп, кейін арнайы қондырғыларда өңделеді. Осыдан соң тұқымдары іріктеліп, ұзақ уақыт сақтауға жіберіледі. Кешендегі жабдықтардың барлығы Швециядан жеткізілген. Он жылдан астам уақыт өтсе де, техника сенімді жұмыс істеп тұр, — деді орман тұқымбағы мен орман тұқымы станциясы кешенінің басшысы Руслан Нәдірбеков.
Тұқым өңделгеннен кейін оны егіп, жылыжайларға орналастыру кезеңі басталады. Бұл жұмыс та толықтай автоматтандырылған. Арнайы желі құнарлы топырақты өңдеп, тыңайтқыштармен байытады, кейін дайын субстрат арнайы кассеталарға салынып, әр ұяшыққа тұқым себіледі.
Мамандардың айтуынша, мұндай күрделі процесті автоматтандырылған жүйе небәрі үш күннің ішінде орындап, тұтас жылыжайды көшетпен толтыра алады.
Кешенде жабық тамыр жүйесі технологиясы қолданылады. Соның арқасында қарағай көшеттері дәстүрлі тәлімбақтарға қарағанда анағұрлым жылдам өседі. Көшеттер тұрақты суарылып, қоректік заттармен қамтылады. Нәтижесінде ашық алаңда екі жылда жетілетін көшет мұнда алты айда отырғызуға дайын болады. Бұл жылына екі рет өнім алуға мүмкіндік береді.
Қазақстанның ең үлкен орманы
Семей орманы — Қазақстандағы ең үлкен орман алқабы. Оның жалпы аумағы 657 мың гектардан асады, соның 423 мың гектардан астамын орман алқабы құрайды. Резерват аумағының көлемі Абай облысының жеті ауданын қамтиды. Құрамында 10 филиал мен 34 орманшылық бар.
Соңғы жылдары болған ірі өрттердің салдарынан орман қорының шамамен 10 пайызы зардап шекті. Осыған байланысты резерваттың материалдық-техникалық базасын жаңғыртуға қомақты қаржы бөлінді.
— Резерватты техникамен жарақтандыруға шамамен 3 млрд теңге бөлініп, 100-ден астам арнайы техника сатып алынды. Олардың қатарында өрт сөндіру көліктері, жүк машиналары, патрульдік өрт кешендері мен тракторлар бар. Сонымен қатар орман өрттерін ерте анықтау жүйесі пилоттық режимде іске қосылды, — деді Абай облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Мұхит Рамазанов.
Жаңарту аясында резерватқа 53 өрт сөндіру автоцистернасы, 40 кіші орман патрульдік өрт кешені, 26 мобильді патрульдік кешен, 38 трактор және өзге де арнайы техника жеткізілген.
Қазір Семей орманы резерватының жедел басқару орталығында 40 бейнекамера жұмыс істейді. Олар өрт қаупі жоғары аумақтарды бақылауға мүмкіндік береді. Дегенмен мамандар мұндай ауқымды орман алқабын толық бақылау үшін ерте анықтау жүйесін одан әрі жетілдіру қажет екенін айтады.
Соңғы жылдары орманшылықтардағы өртке қарсы жасақтар да күшейтілген. Жаңа техника мен құрал-жабдықтар сатып алынып, кадрлық құрам толықтырылған.
— Өрт сөндіру бөлімшелері қажетті жабдықтармен және арнайы қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген. Бұрын орманшылар мен өрт сөндірушілердің жалақысы төмен болатын. Қазір еңбекақы өсіп, штат саны толықты. Өрт сөндіру қызметкерлерінің жалақысы орта есеппен 250-270 мың теңгеге дейін жетті, — деді «Семей орманы» МОТР орман күзету және қорғау жөніндегі инженері Қанат Советов.
Орманды қорғаған өмірлер
Климаттың өзгеруі, қуаңшылық, найзағай разрядтары мен аптап ыстық орман өрттерінің қаупін күшейтіп отыр. Соның салдарынан жыл сайын табиғи өрттердің саны артып келеді. Биылдың өзінде жаз ортасына дейін Семей орманында 178 өрт тіркеліп, мың гектарға жуық орман алқабы отқа оранған.
Алайда Семей орманы туралы сөз болғанда жұрттың есіне алдымен 2023 жылғы алапат өрт түседі. Табиғат апатымен күрес кезінде 14 орманшы қаза тапты. Олардың алтауы Новошульба филиалының Успенка орманшылығында еңбек еткен.
Сол күндерді еске алған байланыс операторы Арай Әмірханова қаза болған әріптестерінің бәрін жақсы танығанын айтты. Құрбандар арасында орманшылық басшылары, өрт сөндірушілер, жүргізушілер мен жас мамандар болды.
— Өзіміздің басшымыз Мейрамгүл Құсайынова қызметкерлерін жалғыз қалдырмай, бірге өрт ошағына аттанды. Қаза болғандардың ішінде небәрі 24 жастағы Максим Фоминов та болды. Ол менің ұлымның сыныптасы еді. Ең үлкеніміз Виктор Сидорин зейнет жасына жақындаған тәжірибелі маман болатын. Әрқайсысы өз ісіне адал жандар еді, — дейді ол.
Қайғылы оқиға Арай Әмірханованың отбасын да айналып өтпеді. Оның жұбайы, мемлекеттік инспектор Саят Нұржігітов те тілсіз жаумен күрес кезінде қаза тапқан.
— Соңына дейін аман қалар деп үміттендік. Техникалар табылған кезде біреуі болса да тірі шығар деп күттік. Бірақ ешқайсысы оралмады. Бұл хабарды қабылдау өте ауыр болды, — дейді ол.
Бұл трагедия орманшылардың отбасыларын ғана емес, тұтас елді есеңгіретті. 2023 жылғы 12 маусым Жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды. Мемлекет басшысы қаза тапқан орманшылардың отбасыларымен кездесіп, қажетті қолдау көрсетілетінін мәлімдеді. Кейін олардың отбасылары баспанамен қамтамасыз етіліп, әлеуметтік көмек көрсетілді.
Семейдегі алапат өрт саладағы қордаланған мәселелерді де ашып көрсетті. Өртке қарсы инфрақұрылымның әлсіздігі, техниканың тозуы, орман өрттерін ерте анықтау жүйесінің жеткіліксіздігі анықталды. Президент өз міндетін орындамаған министрлерді қызметінен босатты. Сылбыр әкімге сөгіс берді. Ал орманды қорғаймын деп ерлікпен қаза тапқандардың есімі ұлықталып, тарихқа енді. Осыдан кейін орман шаруашылығын жаңғырту жұмыстары басталып, материалдық-техникалық база күшейтілді, жаңа техника алынып, бақылау жүйелері енгізілді.
Бұған дейін «Экоаудит» бағдарламасы Ақмола облысындағы орман қорын аралап, өңірде құрылып жатқан жаңа ұлттық парк туралы арнайы репортаж ұсынған еді.