Семей полигонында 2008 жылға дейін тек бір жақты ғана зерттеу жүргізілген – Асан Айдарханов

СЕМЕЙ. KAZINFORM – Бүгін Семей ядролық полигонының жабылғанына 33 жыл толып отыр. Сол уақыттан бері полигонда түрлі зерттеу жұмыстары жүргізілген. Алайда ондағы нормадан тыс ластануға ұшырамаған аумақтарды шаруашылық игеруге ықпал ететін арнайы заңнамалық нормалардың болмауы біршама қиындық тудырып келді.

Фото: А.Айдархановтың жеке мұрағатынан

Бұл туралы Kazinform тілшісіне ҚР Ұлттық ядролық орталығы Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры Асан Айдарханов айтып берді.

ҚР Ұлттық ядролық орталық 2008 жылы «Бұрынғы Семей сынақ полигонының қауіпсіздігін қамтамасыз ету» мемлекеттік бағдарламасы аясында Семей сынақ полигонына (ССП) кешенді экологиялық зерттеу жүргізуге кіріскен.

«Негізінен полигондағы ядролық қаруды сынаудың салдарын зерттеу 1991 жылы 29 тамызда полигон жабылғаннан кейін дереу басталған еді. Десе де 2008 жылға дейін жүргізілген барлық зерттеу нақты бір жақты ғана болды. Сынақ алаңдарының радиациялық ластануының белгілі бір сипаттамалары, яғни тікелей ядролық сынақтар жүргізілген алаңдар зерттелді. Бұл ретте, осы алаңдар арасындағы сынақ жүргізілмеген аумақтардағы радиациялық жағдай туралы мәселе ашық күйінде қалды. Сынақ алаңдарының жиынтық ауданын және ССП-ның қалған аумағын салыстырғандағы көлемі мынадай: 1600 шаршы км – сынақ алаңдарының ауданы, 16700 шаршы км – ССП-ның қалған зерттелмеген аумағы», - дейді Асан Айдарханов.

Осылайша, Семей сынақ полигонын кешенді зерттеу нәтижесінде полигонның зерттелмеген бірде-бір учаскесі қалмады. Сол үшін бүкіл аумақ 13 бөлікке бөлініп, олардың әрқайсысы нақты бір бағдарлама бойынша зерттелді.

«Нәтижелер радиоактивті ластанған жерлердің негізгі бөлігі ядролық қару сынақтары жүргізілген сынақ алаңдарынан тыс орналасқандығын көрсетті. ССП-да мұндай алаңдар сегіз – «Тәжірибе алаңы», «Дегелең», «Балапан», «Сары өзен», «Ақтамберді», «4», «4А» және «Телкем». Сол сияқты полигонда радиоактивті түсулердің салдарынан ластануға ұшыраған алаңдар арасында орналасқан елді мекендер бар, олар жарылыс эпицентрінен оңтүстік-шығыс және оңтүстік бағытта ондаған километрге созылған «радиоактивті түсу іздері» деп аталады. Кешенді зерттеу жүргізу кезінде қоршаған орта объектілерінің жалпы саны 30 мыңнан асатын сынамасы іріктеп алынды. Олар топырақ, су, ауа, өсімдік және жануарлар сынамаларынан тұрады. Жасанды радионуклидтердің мөлшерін анықтауға іріктеп алынған сынамаларға 100 мыңнан аса зертханалық талдау жасалды. Елді мекенде шамамен 200 мыңдай радиометриялық өлшеу жүргізілді. 5000-нан аса техногенді объектіні қайта шифрлеу және радиациялық зерттеу орындалды, радиациялық ахуалдың 1000-нан аса картасы қалыптастырылды. ҚР Ұлттық ядролық орталығы қолданған тәсіл МАГАТЭ сарапшыларының оң бағасына ие болды», - дейді Радиациялық қауіпсіздік және экология институтының директоры.

Алайда оның айтуынша, Семей сынақ полигоны аумағын қауіпсіз күйге келтіру үшін шешілуі қажет бірқатар мәселе туындаған. Бұл ең алдымен, ССП-дың нормадан тыс ластануға ұшырамаған аумақтарын шаруашылық игеруге ықпал ететін арнайы заңнамалық нормалардың болмауына байланысты.

«Аталған мәселелерді шешу үшін ССП аумағында нақты белгіленген шекаралары бар Семей ядролық қауіпсіздік аймағын құру қажет. «Семей ядролық қауіпсіздік аймағы туралы» Қазақстан Республикасының тиісті Заңына ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2023 жылы қол қойып, бұл заң 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап күшіне енді. Бұл заңды қабылдау арнайы салық салу, экологиялық талаптарды айқындау, осы аумақтардағы меншік иесін айқындау рәсімдерін, радиоактивті ластанған аумақтарды оңалту жөніндегі жұмыстарды жүргізу, жекелеген объектілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін реттеді. Сондай-ақ мамандандырылған аймақ аумағында қызметті жүргізу тәртібін, полигонда қызметін жүзеге асыратын мемлекеттік заңды тұлғалардың өз құзыреті шегіндегі рөлін айқындады. Жаңа заң Қазақстан саясатының дәйектілігін көрсетудің символы және ядролық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелерін жүргізуде басқа мемлекеттер үшін үлгі болады», - дейді Асан Айдарханов.

Осылайша, полигондағы халыққа радиациялық қауіп төндірмейтін жерлерді ҚР нормативтік құқықтық актілерінің талаптарын сақтай отырып шектеусіз пайдалануға болады. Бұл шамамен 8900 шаршы км.

Айта кетейік, Семей сынақ полигоны 1947 жылы 21 тамызда құрылған. Ауданы 18 300 шаршы км құрайды. Полигон ресми осыдан 33 жыл бұрын, яғни 1991 жылдың 29 тамызында жабылды.