Семей полигонында алғашқы атом бомбасы 1949 жылы 29 тамызда жарылды. Ядролық сынақтардан қазақ даласында 456 жарылыс жасалып, оның 116-сы жер үстінде өтті. Қазақ даласы осылайша қырық жыл бойы қасірет шекті.
1989 жылы құрылған «Невада-Семей» халықаралық антиядролық қозғалысы халықтық дипломатияның тиімді құралына айналды. Бұл қозғалыстың көшбасшысы Олжас Сүлейменовтің қызметі қоғамдық сананы оятуда және мемлекеттік шешімдердің қабылдануына ықпал етуде шешуші рөл атқарды.
Ал 1991 жылғы 29 тамызда Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы тарихи Жарлыққа қол қойды. Бұл адамзат тарихындағы ерікті түрде ядролық арсеналдан бас тартудың және әлемдегі ең ірі полигондардың бірін жабудың тұңғыш үлгісі болды. 2010 жылы Біріккен ұлттар ұйымы Қазақстанның ұсынысымен 29 тамызды ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні деп жариялады.
Көрменің мақсаты — Семей полигонының зардабын және Олжас Сүлейменовтің қоғамдық мұрасын таныстыру. Көрмеге Президенттік орталық қорларынан алынған 150-ден астам экспонат қойылды.
— Бұл көрменің материалдары Қазақстан Республикасы Президенті орталығының архиві, музейі және кітапханасының қорынан алынды. 30 жылға жуық уақыт бойы осы қорларда жинақталып, жүйеленген материалдар бүгін алғаш рет көпшілік назарына ұсынылып отыр. Көрмеде Семей ядролық сынақ полигонының құрылуы, онда 40 жыл бойы жүргізілген ядролық сынақтар және оның зардаптары туралы тарихи деректер мен маңызды мәліметтер қамтылған. Сондай-ақ полигонның жұмысын тоқтату туралы тарихи Жарлыққа қатысты құжаттар да көпшілік назарына ұсынылды, — деді ҚР Президенттік орталығы экспозицияларды және көрмелерді ұйымдастыру қызметінің жетекші сарапшысы Ләйла Омарова.
Экспозицияда «Невада–Семей» антиядролық қозғалысының тарихы, оның қызметі және ядролық сынақтардан зардап шеккен азаматтардың тағдыры туралы материалдар бар. Сонымен қатар полигон зардабын өз шығармашылығында бейнелеген суретші Кәріпбек Күйековтің туындылары да көрмеге қойылды.
Айта кетейік, жақында «Жасыл Нобель» иегері Семей полигонын зерттеу тарихымен бөлісті.