Семей полигонындағы қасіреттің қалай басталғанын ел білуі тиіс - М.Елеусізов

АЛМАТЫ. Тамыздың 28-і. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда «Алаш үні» Қоғамдық бірлестіктер одағының ұйымдастыруымен және Алматы қаласы әкімшілігі мен «Табиғат» экологиялық одағының қолдауымен «Қазақстан -ядролық қарусыз бейбітшілік үшін» атты дөңгелек үстел мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат .

Шара көкке 40 қара шар (40 жыл ядролық сынақтың өткізілгеніне) мен 20 ақ шарды (20 жыл ядролық сынақтың тоқталғанына)  ұшырудан басталды. Қазақстандықтардың патриотизмін қалыптастыру мен рухани құндылықты көтеру,  қасіреті көп Семей полигонының 60 жылдығын атап өту мақсатында өткізілген шараға танымал қоғам қайраткерлері, түрлі елшілік өкілдері, ғалымдар, саясаттанушылар мен қоғамдық ұйым өкілдері қатысты.

Шара барысында айтылғандай 1949-1990 жылдар аралығында Семей ядролық полигонында 475 қару түрі сыналған. Соның салдарынан, шекаралық территория халқы өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырап, сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалаудан да асып жығылды. Сол жылдары полигонға шаруашылық жайылымдар мен егістік жерлер тартып алынып беріліп, осының салдарынан аймақ экономикалық және әлеуметтік дамудың дағдарысына ұшырады. Нақ сол жылдары жалған жолмен «Бурцулезге қарсы күресетін» арнаулы диспансер ашылып, Абай және Абралы аудандарынан 10 000 адам жасырын бақылауға алынған. Ешкімді емдемеген, тек радиация әсерін зерттеген сол 10 000 адамнан бүгінде 3 000 адам ғана есепте қалған. Ал қалған 7 000 адам өлі ме, әлде тірі ме, белгісіз.Семейдегі ядролық сынақтың салдарынан соңғы жылдары әр жүз мың адамға шаққанда жүйке-психологиялық ауруға шалдыққан адамдардың саны 960-тан 1624-ке, ақыл-ойы кем адамдар 3105-тен 4612-ге, невроз және жүйке тамыр дерті бар адамдар 3692-ге көбейген. Ал сары ауру, іш ауруы, туберкулез сияқты ауру түрлері халықты әбден меңдеп, арасында көпшілігі нағыз тұқым қуалайтын дауасыз рак, паралич, анемия, жазылмайтын тері ауруларының алуан түрлеріне душар болып отыр. Сынақ зардаптары дәрі мен дәрігерлерді дәрменсіз етіп, адамзат баласында кездеспеген ауру-сырқаулардың «жаңа» түрлерін туындата бастаған.

«Табиғат экологиялық одағының төрағасы Мэлс Елеусізовтың айтуынша, 1991 жылы 29 тамызда Елбасы Н.Ә.Назарбаев полигонды жабу туралы Жарлыққа қол қоюынан соң ғана жағдай өзгерді. Сонымен қатар, көреген саяси көзқараспен Қазақстан жаппай қырып-жою қару-жарағынан бас тартты. «Мұны әлем жоғары бағалап, оның маңызы 2010 жылғы Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық етер тұсында ерекше құндылыққа ие болып отыр. Алайда қазір Семей полигоны  туралы ұмытылып барады. Оның қалай басталғаны, қасіреті ел есінде болуы тиіс», дейді М.Елеусізов.

Шара барысында Ұлттық ядролық орталық өкілдері полигонның қазіргі жағдайы туралы баяндап, есеп берді.