Семейде бильярдтың «Құрастырмалы пирамида» түрі бойынша ел чемпионаты өтеді

АЛМАТЫ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат - Семей қаласында 23-27 қаңтар күндері бильярд спортының «Құрастырмалы пирамида» түрінен XXXVIII Қазақстан чемпионаты өтеді.

«Алтын-Орда» бильярд клубында болатын бұл жарыстың жеребесі 23-і күні тартылып, 24-і күні басталады. Ал ақтық сайыстар 27-сі күні өтеді.

Оған ҚР Бильярд спорт федерациясының облыстық филиалдары ұсынған спортшылардан бөлек Байқоңыр қаласының тастаяқшылары да қатыса алады. ҚР Бильярд спорты федерациясының судьялар алқасының төрағасы, Халықаралық дәрежедегі төреші Райымжан Бузырқожаев бастаған қазылар төрелік жасайды. Квота бойынша әр облыс ең үздік 2 бильярдшысын ғана ұсына алады. Чемпионаттың бірінші кезеңінде 2 жеңіліске дейін ойналып, үздік 16 спортшы анықталады. Екінші кезеңде олардың арасынан жеңіске жеткендер өзара кездесіп, бірінші орынды өзара сарапқа салады. Олардан жеңілгендер 3-ші орын үшін матч өткізбейді.