Семейде қоғамдық көлік жолақысы қымбаттады

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат - Семей қаласында қоғамдық көлікте жолақы қымбаттады, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі Семей қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.

Қаладағы жол жүру ақысы 60 теңгеден 80 теңгеге көтерілді. 7 жастан 15 жасқа дейінгі балалар және 70 жастан жоғары зейнеткерлер бұдан былай бұрынғы 30 теңгенің орнына 40 теңге төлейді. Жолаушы тасымалдаушылар соңғы үш жыл бойы талап етіп келген тарифті көтерудің қажет екендігін дәлелдеді. Шешімнің соңғы нұсқасын қалалық мәслихаттың барлық депутаттары қолдады.

Семей қаласы тасымалдаушыларының қоғамдық көліктердегі тарифті көтеру туралы ұсынысына орай өңірдің атқарушы билігі қоғамдық көліктердегі қызмет сапасының жақсартылуын талап етті. Өйткені, таяуда ғана Семей қаласында тасымалдаушылардың бірімен келісімшарт бұзылған болатын.