Семейде латын графикасының жаңа емле ережелерінің сынама жұмыстары өтуде

СЕМЕЙ. ҚазАқпарат - Семейде қазақ тілінің латын графикасына негізделген жаңа емле ережелері жобасының сынама жұмыстары өтуде. Шараны «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы ұйымдастырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

 «Тіл - Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының өкілдері семейліктерге жаңа емле ережелері қанатқақты жобасының сынама жұмыстарын жүргізуде. Сынамаға мемлекеттік қызметкерлер, ұстаздар, әкімшілік қызметкерлері мен ЖОО студенттері қатысты. Оларға жүктелген міндет жазбаша нұсқада сұрақтарға жауап беріп, тапсырмаларды орындап, өз ұсыныстарын қалдыруға мүмкіндік берілді. Жинақта мемлекеттік қызметкерлерге қазақ сөздерінің латын графикасы бойынша ыңғайлы деп тапқан нұсқаларын белгілеп, сондай-ақ, жазылуы ұнаған сөз нұсқасын таңдап, оны латын мен кириллицада жазу. Ал жинақтың соңғы бетіне сынамаға қатысушылар өз ұсыныстарын қалдырды.

Дәл осындай сынамалардың нәтижелері сарапқа салынып, емле ережелері жобасының іске асуында ескеріледі», - дейді орталық мамандары.

«Ағымдағы жылдың ақпан айынан бастап латын графикасының орфографиялық нормалары қарастырылып жатқандығын білесіздер. Кейбір әріптердің жазылу дұрыстығы қарастырылды. Мәселен, «я», «ю», «ё», «э». Бұл әріптер жаңа әліпбиде қалай жазылады? Біз кириллицадан алшақтап, латын әріптеріне көшеміз. Сондықтан емле ережелері қарастырылды», - деді ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының профессоры Назигүл Түленбергенова.